einshtein«Табиғат пен оның заңдары қаратүнекке шомып тұр еді,

Құдай «Ньютон келсін!» деді, сөйтіп бәрі жарқ ете қалды.

…Бірақ ұзақ емес. Шайтан айтты: «Эйнштейн келсін!»,

Сөйтіп бәрі қайтадан қаратүнекке оранды»

Салыстырмалылық теориясы туралы

сол кездегі әзіл

 

«1919 жылы Эйнштейннің тоғыз жасар баласы

Эдуард әкесінен сұрады:«Әке, сен неге осындай атақтысың?».

Эйнштейн күлді, кейін шынымен түсіндірді: «Қоңыз шардың үстімен

жорғалап бара жатқанда өз жолының дөңес, қисық екенін білмейді,

мен соны байқау бақытына ие болдым».

Л. Инфельд

 

XIX ғасырдың соңында және XX ғасыр басында физика ғылымында әлемдік уақиғалар, төңкерістер болып өтті. Тіпті, бүкіл адамзаттың жалпы дүниеге деген көзқарасы түбегейлі өзгерді.

Міне, сол төңкерістің ең ірілері кванттық физика мен салыстырмалылық теориясы еді. Бұл ұлы қос ілім бір-бірімен таласа, бір-бірін қостай жүріп, бір сәтте ғылым мен дүниетаным әлемін астаң-кестең етті. Содан бері осы ілімдер физика ғана емес, жалпы ғылымдардың, тіпті, жалпы дүниетанымыздың іргетасы, түп негізі болып келеді.

Мүмкін, сол кезде берік қаланған іргетас тек енді-енді ғана шайқала бастаған сыңайы бар. Бүкіл әлем тағы да ғасырлық, мүмкін, мыңжылдық ғаламат дүниетанымдық төңкерістің табалдырығында тұр. Ол да физика ғылымында туындап, қазірдің өзінде құлаш жаюда. Ғаламат дауылдың алдындағы «ғаламат тыныштықта» тұрғандаймыз қазір. Басқаша айтқанда, физика ғылымында «ғаламат кризис», идеялық тоқырау.

Бұл төңкерістің бірден-бір себепкері – «физикалық вакуум». Бұл бұрын тек ұғым ғана еді, енді оның шындық екені, дүниеде бар ақиқат, материалды екені дәлелденгені де әлдеқашан. Яғни «физикалық вакуум» – «жоқ болып тұрып, бар нәрсе»!!! Міне, физика ғылымының алдында осындай ғаламат жұмбақ тұр. Оның шешімін іздегендер қаншама, шешімін таптым дегендер қаншама. Бірақ… бұл да өзінің Эйнштейнін күтіп тұр.

Болашақтың физикасы кванттық және салыстырмалылық ілімдерінің қандай да бір айрықша бірігуінен, жалпылануынан туындайды деп күтілуде. Тіпті, іргелі «материя», «дене», «қозғалыс», «энергия», «масса», «әсерлесу» деген сияқты ұғымдардың өзі қайта қаралып, мән-мағынасы түбегейлі жаңаратын сияқты. Мұның бәрін қабылдай алу үшін ең алдымен… салыстырмалылық пен кванттық физикаларды түсіну қажет болады. Бұл – болашаққа баспалдақ.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>