Кіріспе. Физика пәнін оқытуда компьютерлік технологияларды пайдаланудың қажеттілігі мен маңызы

Мектептің қазіргі даму кезеңінде бұрынғы үйреншікті оқу жүйесін жаңа сападағы оқу жүйесіне ауыстыру мақсаты тұр – өте білімді, өздігінен тиімді ойлай алатын, қазіргі қоғамда өмір сүруге бейімді адамды тәрбиелеу. Бұл жағдайда оқушылардың өздігінен білім алуы, өздігінен оқуы және өзін-өзі тануы туралы мәселе қою оқу-тәрбие процесінің өзегі болуы табиғи. Осыған байланысты қазір балаларды оқытуда жекедара оқытуға (тұлғаны қалыптастыруға бағытталған), олардың өздігінен ізденіп, білім алудың сан түрлі жолдары мен әдістерін игеруіне, өз шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуына айрықша жағдайлар жасалуда. Бұл мәселені шешудің ең тиімді бағыттарының бірі оқу процесіне ақпараттық құралдар мен технологияларды енгізу болып саналады.

 

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың артықшылықтары

Мұғалім үшін:

  1. Оқу уақытын тиімді пайдалану, сабақтың мазмұнын байыта түсу;
  2. Аудио-видео арқылы ақпаратты визуалды беру және қабылдау мүмкіндігі;
  3. Оқушыларды белсенді іс-әрекетке қосу;
  4. Сабақта оқушылардың ақпараттық-коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру;
  5. Оқушылармен жекедара және іріктей жұмыс істеу мүмкіндігі;
  6. Оқушылармен жұмыстың әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану;
  7. Жалықтырар қағаз жұмысынан босату;

· Сабақтардың қызықты да іскерлік көңіл-күйін жасау.

Оқушы үшін:

  • Ақпараттың қолжетімділігі;
  • Сабақ оқушының заманауи технологиялық дүниетанымына сай әдістермен өтеді;
  • Әр оқушы өз қабілеті мен екпінінде оқи алады;
  • Өзінше ойлауды дамытады;
  • Дербестікке, өзінше шешім қабылдай білуге тәрбиелейді;
  • Өз қабілет-қарымына сенімді бекітеді.
Компьютерлік сабақтардың түрлері

1. Мультимедиалық жабдықтармен өтілетін сабақ

2. Компьютерде өтілетін сабақ

3. Интернетпен өтілетін сабақ

Мультимедиалық жабдықтармен өтілетін сабақ

Мұндай сабақта мультимедиалық техникалық құралдар түрлі ұсынымдағы ақпараттарды аралас пайдалануға мүмкіндік береді: дыбыстық, графикалық, видео және аудио ақпараттарды. Мұғалім оқу процесінің басты тұлғасы да, басты ақпарат көзі де болып қала береді, ал мультимедиалық құралдар ақпараттың барынша көрнекі және жан-жақты, тартымды да қолжетімді болуына қызмет етеді, сол арқылы оқу мазмұнының жеңіл де сапалы қабылдануын қамтамасыз етеді.

Мультимедиалық сабақ мына бағыттарда өтілуі мүмкін:

q1

Бұл сабақта мынадай мультимедиалық оқу құрал-жабдықтары қолданылуы мүмкін:

q2

Мұғалім сабақтарда түрлі электрондық оқу материалдарын – мәтіндік құжаттарды, электрондық оқулықтар, суреттер, графиктер, плакаттар, флипчарттар мен презентациялар-ды, клиптер мен фильмдерді кеңінен пайдалана алады. Мысалы, физикадағы фундаментал-ды тәжірибелердің компьютерлік сызбалары мен модельдерін (Резерфорд тәжірибесін, Франка және Герц тәжірибелері және т.б.). Сондай-ақ, мысалы, атомдық реактордың, электростанцияның, элементар бөлшектерді үдеткіштің құрылысын сипаттайтын сызбалар мен модельдерді көрнекі түрде көрсету өте тиімді. Интернетте физиканың түрлі оқу фильмдері кең таралған – «Фотоэффект», «Молекулалық физика», «Электромагнетизм. Трансформатор», «Радиоактивтілік және атом ядросы», «Атом мен оның ядросының құрылысы»және т.с.с. .

Компьютерде өтілетін сабақ

Сабақты не оның бір бөлігін оқушылардың тікелей компьютерлерде жұмыс істеуі арқылы өткізуге болады. Әрине, бұл сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай қажеттіліктен туындауы тиіс. Сабақтардың мынадай түрлері болуы мүмкін:

q3

Бұл сабақтарда ең басты кейіпкер – оқушы. Компьютерде тікелей сабақ оқитын, жұмыс істейтін басты тұлға оқушылар болғандықтан, олардың компьютерлік сауаттылығы мен мәдениетіне жоғары талап қойылады. Компьютерде жылдам істеп, тиісті ақпарат пен программаларды тиімді іздеп тауып, іріктеп, өзіне керегін жедел пайдалану жолдарын білуі тиіс. Сондықтан алдымен мұғалімнің өзі осы жоғары талаптарға сай болуы қажет.

Мұндай сабақтарда мұғалімнің компьютерлік техника мен программаларды, локал желіні немесе интернетті дұрыс басқарып, сабақты техникалық жағынан дұрыс ұйымдасты-ру ролі өте маңызды. Оқушылардың ешбір техникалық кедергісіз үздіксіз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап, мұғалім негізінен бақылаушы, көмекші ретінде іс-әрекет жасауы тиіс. Оқушылар еркін оқып, еркін қимылдауға мүмкіндік алып, дербестікке, өздігінен ойлау мен іс-әрекет жасауға дағдыланады. Компьютерлік сабақтарды осы айрықша пайдалы мүмкіндігі үшін өте ұнатамын. Өйткені біздің оқушыларда осы айтылған дербестік – өзінше ойлау, өздігінен шешім қабылдап, өзінше іс-қимыл жасау әсіресе төмен дәрежеде. Ал бұл қасиет жеке тұлға болып қалыптасудың ең алғы шарты және қазіргі заманға сай білім парадигмасының өзі дербес тұлға тәрбиелеуге бағытталған.

Интернетпен өтілетін сабақ

q4

 Қазіргі кезде Интернетте кез-келген пән бойынша оқу материалдары артығымен жеткілікті. Тіпті youtube, kaztube, educator, iLearning және тағы басқа видеохостингтерде дайын видеосабақтар толып тұр. Оларды сабақтан тыс уақытта интернеттен жүктеп алып пайдалану бір басқа, ал егер мектеп интернетінің жылдамдығы мен сапасы жоғары болса, көптеген сабақтарды тікелей интернетке қосылу арқылы онлайн режімде өтуге болады. Небір өте мазмұнды көрнекіліктерді де интернеттен тікелей онлайн пайдалану мүмкіндігі бар. Онлайн есеп шығару, онлайн тест тапсыру, онлайн оқулықтар оқу және т.б. өте қолайлы жасалған оқу құралдары барын, онлайн конференциялар мен семинарларға, пән олимпиадаларына қатысуға болатынын қазіргі кәсіби мұғалім білуі және пайдалануы міндетті деген сенімдемін. Мұндай сабақтар өте көңілді де қызықты, оқушылардың өте жоғары белсенділігімен өтеді. Сабақтардың мазмұны да барынша терең игеріледі. Бір ғана маңызды шарты – мектеп интернетінің мүмкіндігі, яғни жылдамдығы өте жоғары болуы керек! Бұл мәселеде біздің қазіргі бірінші проблема осы.

Тіпті мұғалім өзінің арнайы жеке оқу сайтын жасап, оны оқушыларды қашықтан оқытуға пайдалануына болады. Оқушы кез-келген уақытта, кез-келген жерде еркін оқи алатын жағдай жасалады.

Мектептің физика курсында компьютерлік модельдерді пайдалану

Компьютерлік технологияларды физика пәнін оқытуда пайдаланудың ең болашағы бар бағыттарының бірі физикалық құбылыстар мен процесстерді компьютерлік модельдеу болып табылады. Компьютерлік модельдер дәстүрлі сабақтарға енгізуге де ыңғайлы және жаңаша түрдегі сабақтарды ұйымдастыруға да жол ашады.

Компьютерлік модельдер басқа да көрнекілік құралдарымен бірге оқу процесінің тиімділігін әлдеқайда көтереді.

Компьютерлік модельдердің негізгі көрсеткіші ретінде оқушылардың интеллектуалды қабілеттерінің дамуын атауға болады. Компьютерлік модельдерді пайдалану физикалық құбылыстар мен процесстерді сенімді де дәл көрсетіп, оларды экспериментте түрлі жағдайда қайталап, мән-мағынасын терең түсінуге мүмкіндік береді.

Оқушының компьютерлік эксперименттер жасауы кезінде компьютермен диалог арқылы жұмыс істеуі оның танымдық әрекеттерін арттырып, өздігінен ғылыми зерттеу жүргізу және ойлау қабілет-дағдыларын анағұрлым дамытады.

Қазіргі кезде физиканы оқуға арналған компьютерлік программалар өте көп. Оларды интернеттен еш қиындықсыз жүктеп алып, мектеп компьютерлеріне орнатып, физика сабақтарында пайдалануға болады. Бұл программаларды сабақтарда пайдалану мақсатына сай былай топтауға да болады:

v оқыту программалары;

v демонстрациялық программалар;

v компьютерлік модельдер;

v компьютерлік лабораториялар;

v лабораториялық жұмыстар;

v есеп топтамалары;

v бақылау программалары;

v компьютерлік дидактикалық материалдар.

Әрине, көптеген программалар осының бәрін қатар пайдалануға арналған әмбебап түрде жасалады. Бұл мұғалімге де, оқушыларға да өте ыңғайлы. Мысалы, мынадай сабақтар өтуге болады:

v Зерттеу-сабақ. Мұғалімнің басшылығымен оқушылар компьютерде кіші-гірім зерттеу жүргізіп, керекті нәтижелер алуға жұмылдырылады. Бұл компьютерлік модельде өте жылдам орындалады. Оқушылар өздігінен шығармашылық жұмыс істеуге, теориялық білімді тәжірибеде жаратуға мүмкіндік алады. Физикалық құбылыстың моделін тікелей көзбен көре отырып, мәнісіне тереңірек үңіледі. Мұғалім тек көмекші ретінде қолдауы керек.

v Физика есептері модель түрінде беріледі. Есептерді шығарып, артынша нәтижелерін компьютерде бірден тексеру сабағы. Нәтижелер компьютерлік модельде тәжірибе түрінде тексеріледі. Оны әрбір оқушы өздігінен жасап, шығармашылық-танымдық қызығу тудырады. Бұл бір ғылыми зерттеу секілді өтуі мүмкін. Есептерді оқушылардың өзіне құрастыруға беруге де болады.

v Қазіргі кезде практикалық сабақтарды интернеттегі виртуал лабораторияларда онлайн режімде өтуге де болады. Мысалы, http://virtulab.net , http://www.fxyz.ru , http://www.liveexpert.ru т.б. сайттарында. Тек олар орыс тілінде, қазақ тілінде әлі мұндай мүмкіндік жоқ.

Менің физика сабақтарында компьютерлік технологияларды пайдалану тәжірибемнен

Пайдаланатын компьютерлік электрондық оқу құралдары:

1. Тақырыптық электронды көрнекі құралдар – суреттер, плакаттар, мәтіндік тапсырмалар;

2. Электрондық оқулықтар – физика оқулықтары, мәтіндік құжаттар, презентациялар, видеофильмдер;

3. Лабораториялық жұмыстар;

4. Есеп жинақтары мен бақылау тесттері.

Қолданатын компьютерлік технологиялар – мультимедиа сыныбы:

1. Мұғалімнің және оқушылардың компьютерлері;

2. Мұғалімнің жеке ноутбугы;

3. Проектор;

4. Локал желі;

5. Компьютерге орнатылған офистік және оқу программалары;

6. Интернеттің оқу-білімдік ресурстары;

7. E-learning оқу жүйесінің ресурстары;

Физика сабақтарын өту технологиялары:

1. Мультимедиалық сабақ – жаңа тақырыпты түсіндіру, проектор мен локал желіні пайдаланып электрондық материалдарды көрнекі түрде ұсыну;

2. Компьютерлік сабақ – оқушылардың компьютерде өздігінен оқуы, қайталау, есеп практикумы, лабораториялық жұмыстар, тест тапсыру сабақтары;

3. Шығармашылық сабақтар – оқушылардың өздігінен еркін тақырыптарда компьютерде шұғылдануы. Компьютердегі немесе интернеттен физика тақырыптарына арнайы фильмдер көріп, талдау.

 ҚОРЫТЫНДЫ

Компьютерлік технологияларды пайдаланып оқу – заман талабы және болашағы өте үлкен жалпы актуалды үрдіс. Бұл үрдістің оқу сапасын көтерудегі маңызы мен мүмкіндіктері өте көп. Оқу процесіне жаңа компьютерлік технологиялар күннен күнге бастырмалата еніп жатыр, оларды тиімді пайдалану әдіс-тәсілдері де күн санап дамып келеді. Жалпы, дүниежүзіндегі ең дамыған, ең сапалы білім беретін оқу орындарының барлығы – жоғары оқу орны болсын, орта білім ордасы болсын – әлдеқашан бұл саланы жан-жақты пайдаланады және күнделікті заман талабына сай жетілдіріп отырады. Тіпті, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың арқасында ол оқу орындарында үйде отырып-ақ интернет арқылы қашықтан оқуға толық мүмкіндіктер жасап қойған. Яғни, қазіргі кезде «оқимын» деген талабы бар әрбір жан дүниежүзінің өзі қалаған кез-келген оқу орнында білім алуына толық жағдай бар деп сеніммен айтуға болады. Тек, мұндай оқу жеке адамның өзіне өте жоғары талаптар қояды – тынбай іздену, өзін-өзі қатаң тәртіпке бағындыру, тынымсыз еңбектену және даму қажет болады.

Сондықтан, компьютерлік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланып оқудың негіздері мектепте қалануы міндетті. Мұның мынадай артықшылықтары бар:

Мұғалім үшін:

1. Оқу уақытын тиімді пайдалану, сабақтың мазмұнын байыта түсу;

2. Аудио-видео арқылы ақпаратты визуалды беру және қабылдау мүмкіндігі;

3. Оқушыларды белсенді іс-әрекетке қосу;

4. Сабақта оқушылардың ақпараттық-коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру;

5. Оқушылармен жекедара және іріктей жұмыс істеу мүмкіндігі;

6. Оқушылармен жұмыстың әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану;

7. Жалықтырар қағаз жұмысынан босату;

8. Сабақтардың қызықты да іскерлік көңіл-күйін жасау.

Оқушы үшін:

1. Ақпараттың қолжетімділігі;

2. Сабақ оқушының заманауи технологиялық дүниетанымына сай әдістермен өтеді;

3. Әр оқушы өз қабілеті мен екпінінде оқи алады;

4. Өзінше ойлауды дамытады;

5. Дербестікке, өзінше шешім қабылдай білуге тәрбиелейді;

6. Өз қабілет-қарымына сенімді бекітеді.

Бұл менің көп жылдық тәжірибемде физика және информатика сабақтарын оқыту барысында іс-жүзінде дәлелденген тұжырымдар.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>