Компьютердің жоғары деңгейдегі қолданушысы болу үшін оның жалпы құрылымы мен бөлшектерін ғана емес, негізгі жұмыс істеу қағидаларын да жақсы білгеніңіз жөн. Ал кәсіби компьютер маманына бұл, әрине, міндетті.

kompy

Кейде мынадай сұрақ туады – компьютерді әрбір қолданушы оның ұсақ-түйек ақауларын жөндей білгені дұрыс па, жоқ ол қажет емес пе? Мысалы, теледидарды немесе автомобильді көпшілік өзі жөндемей‑ақ пайдаланып жүр ғой. Сервистер бар. Бұл да дұрыс шығар, мен үкімші емеспін. Бірақ өзім былай ойлаймын:

1)    Компьютер бағдарламалармен жұмыс істейді, ал олардың ұсақ-түйек ақаулары күнделікті бола береді;

2)    Компьютер тұрақты техникалық-бағдарламалық қолдауды қажет етеді; тұрақты баптау жұмысы жүргізілуі тиіс;

3)    Компьютерде өте маңызды, күнделікті қажетті ақпарат, құжаттар мен бағдарламалар сақтаулы, олардың қауіпсіздігін тұрақты түрде қамтамасыз ету керек; компьютер ермек емес, іс құралы;

4)    Компьютердің көптеген техникалық-бағдарламалық ақауларын жөндеп, баптау қиын емес, әркімнің де қолынан келеді.

Осы уәждерді алға тарта отырып, мен әркімнің де компьютер техникасын әжептәуір меңгеріп, оны күнделікті баптап, анау-мынау ақауларын, ешкімге жүгірмей-ақ, өзі реттеп алғанын жөн санаймын.

Ең алдымен бір айтатын нәрсе – компьютерді адаммен салыстыра отырып түсіну өте жеңіл. Бірақ, бұл компьютер адам сияқты немесе компьютер жанды тірішілік иесі деген сөз емес. Осылай ескертпесек, жансыз нәрсеге «табынды» деген сөгіс алармыз J.

Ұйықтап жатқан адамды көз алдыңызға елестетіңіз. Ол ешбір тірлік істемейді. Бірақ бұл оның… жаны жоқ деген емес қой?! Оның барлық ағзасы, он екі мүшесі, тіпті, миллиардтаған жасушаларының әрбірі сағаттай тәртіппен өз ісін істеп, міндетін атқарып тұр. Не үшін? «Адам» деген өздік жүйенің тоқтап қалмауы, яғни… өліп қалмауы үшін. Яғни…

Компьютердің барлық құрылымы ең алдымен оның өзін істетіп тұру үшін жұмылдырылады. Тоқтамай істеп тұруы үшін. Компьютер ‑ өзіне өзі жеткілікті және өз жұмысын толық қамтамасыз ете алатын өзіндік тұйық жүйе.

…Адамға содан кейін қызмет жасай береді J.

Сол ұйықтап жатқан сәттің өзінде адам ағзасында өте күрделі де қаурыт құбылыстар жүріп жатыр. Миы не тірліктер атқарып тұр?

Тіпті, компьютерді мен өзімен-өзі тірішілік жасап жатқан мемлекет сияқты елестетемін. Қоршаған сыртқы тұйық шекарасы бар. Өз патшасы бар. Әр деңгейдегі өз әкімдері мен жандайшап, шабармандары бар. Патша әрбір сәтте өз мемлекетінің әрбір түкпірінен ақпарат алып, біліп, бақылап отырады. Басқарып отырады. Ол үшін патша күнделікті қандай кезек күттірмес шаруаларды атқарып отырады?

Компьютердің миы да, ішкі патшасы да – процессор.

Метки:

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>