Компьютердің «power» батырмасын басқан сәттен бастап осы бір аса еңбекқор да тындырымды құрал тынымсыз іске кіріседі. Аты – процессор,

pr1

 

мекен-жайы – компьютердің қорабы, ол жүйелік блок деп аталады. Қарапайым көпшілік осы қорапты «процессор» дейді, бұл енді білместіктен ғой, ештеңе етпейді.

 

Токқа қосылып, ояна салысымен процессор мынадай кезек күттірмес тірліктерді рет-ретімен, өте тиянақты да жедел орындай бастайды:

1)    Компьютердің бөлшектерінің әрбірін жеке-жеке тестілеуден, яғни емтиханнан өткізеді; әрбір бөлшекке тоқтаусыз «барсың ба, жұмысыңа дайынсың ба, бұзылмадың ба, бұзылсаң – қай жерің?» деген мағынадағы тест сигналдарын жіберіп, олардан қайта жауап алады; тесттерді BIOS деген кішкене микросхемадан (чиптен) оқиды; бұл қаурыт тірлік компьютер енді қосылғанда, қара экранға ақ жазулар шығып жатқан кезде жеделдете жүреді. Ал қандай да бір ақауды біліп қойса, ол бөлшек «емтиханнан» өтпейді, процессор сол сәтте экранға ақау туралы қысқа ақпарат шығарады, арнайы дыбыспен де білдіреді, қажет болса, компьютерді одан әрі қоспай, өшіріп қоюға дейін барады. Компьютер тек барлық бөліктері тестілеуден сәтті өткенде ғана толыққанды іске қосылады;

2)    Енді сол BIOS-та «ойып» жазылған кішкене бағдарламаны орындайды – онда жүйелік блокта бекітілген қатты дискінің бетіне «кіретін есіктің», яғни алғашқы нөлдік жолының адресі бар, соған қарай жол тартады. Нөлдік жол арқылы қатты дискіге, яғни винчестерге кіріп алады да, онда өзінің билігін кеңінен жалғастырады. Винчестердің бетінде компьютерді біртұтас жүйе ретінде істететін, яғни оған «жан» кіргізетін ең мағызды бағдарлама – Амалдық жүйе жазылған. Процессор оны енді біртіндеп оқи отырып, өзіне өте жақын орналасқан компьютердің жедел жадына толығымен көшіреді. Өйткені жедел жады, оны орысша ОЗУ деп атайды, процессормен өте тығыз байланысқан және оның орасан зор жылдамдығымен ілесе істей алады. Міне, амалдық жүйе осы жәйлы мекенге орналасып алғаннан кейін компьютерді біртұтас басқаруды өз қолына алып, процессорға дегенін орындата бастайды. Процессор амалдық жүйенің нұсқауларын рет-ретімен, өте жылдам орындауға көшеді. Қажет кезінде винчестерге де жиі қатынап, ақпарат алмасып, жазып, өшіріп, өңдеп отырады.

3)    Процессор амалдық жүйенің нұсқауымен компьютерге барлық шалғай немесе шеткері құралдарды біртіндеп қосады. Мысалы, пернетақта, тышқан, принтер, сканер, видеокамера және т.с.с.

4)    Түрлі қолданбалы бағдарламаларды да қосып, бабына келтіріп, адамның қызметіне дайындап қояды;

5)    Міне, компьютер немесе бағдарламалары «өшіп» қалмауы үшін осы тірліктің барлығын циклдік түрде қайталап, тынымсыз істеп тұрады.

6)    Компьютердің ішкі ақпарат каналдарын қадағалайды. Оған қосылған құралдар ақпарат тасымалдаған, енгізіп-шығарған және өңдеген кездерде ақпарат жолдарына таласып қалмауын қадағалап, оларды кезекке қояды, олардың талаптарын кезегімен және өте жедел орындайды.

 

Осының бәрін істейтін… кішкене ғана төртбұрышты «тас»! Бірақ өте күрделі микросхема. Қалай таңқалмасқа. Олай болса, процессордың ішкі құрылымы туралы да біраз әңгіме айтып көрерміз, амандық болса. Зерікпейсіз деген сенімдемін.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>