Әрине, сайтты кез-келген адам жасай алмайды. Өзіңіз әрекет істесеңіз де, егер арнайы біліміңіз бен тәжірибеңіз жоқ болса, сапасы өте төмен, реңсіз де ретсіз, шала сайт жасауыңыз мүмкін, бірақ мұндай сайттың ешкімге,  Сізге де, пайдасы да, қажеті де жоқ. Сондықтан кәсіби де пайдалы сайтты кәсіби мамандардың жасағаны жөн. Сайт жасау маманын веб-мастер, яғни веб-шебер деп атайды.

Егер Сіз сайтты веб-шеберге тапсырыспен жасатқыңыз келсе, онда Сізден сол сайтқа қажетті материалдарды топтап беру талап етілетініне дайын болыңыз. Веб-шебердің міндеті сайттың жалпы құрылымын пайдалануға ыңғайлы етіп жасау, дизайнын сайт мазмұнына және дүниежүзілік нормаларға сай ойластыру, материалдарды көруге және пайдалануға ең тиімді ретпен орналастыру. Веб-программалау әдістерімен құрылымы, мазмұны мен  сыртқы бейнесі біртұтас сайт құрастыру. Ол Сізге, әсіресе интернетте  сайтыңызға кіретін қолданушыларға ыңғайлы да жылдам істейтін болуы тиіс. Материалдар неғұрлым толық та сапалы болса, сайт та соғұрлым сапалы және кәсіби жасалатынын есте ұстаңыз.

Жалпы, сайтта материалдардың мынадай түрлерін орналастыруға болады:

  • Мәтін;
  • Графика (фотография, логотиптер, сызбалар);
  • Анимация (flash-анимация, gif-анимация);
  • Видеоклиптер;
  • Дыбыстық файлдар.

Сайтқа MS Word, MS Excel сияқты программаларда жасалған құжаттарды, MS Power Point презентацияларын, интернетте ең көп таралған PDF форматтағы құжаттарды жүктеп, көрсетуге болады.

Енді тапсырыс берушілердің сайтқа материалдар жинағанда көп жасайтын әдеттегі қателіктерін талдап көрейік.

1 қателік.   Тапсырыс беруші өзінің не қалайтынын өзі білмейді.

Сайт жасаушымен келісім жасаудан алдын сайтта қандай материалдар болуы керек, бас мәзірде қандай бөлімдер орналасуы тиіс, сайттың қандай түстер гаммасын таңдаған жөн деген мәселелерді өзіңіз ойластырып, бір анық шешімге келіп алғаныңыз өте дұрыс болар еді.

Мұндай дайындықсыз сайтты жасайтын шебердің қай-қайсысына да Сізге «ұнай қою» өте қиынға соғады. Кейде «Сіз маған бірнеше сайт нұсқаларын ұсыныңыз, ал мен қарап көрейін» дейтін клиенттер де болады. Мұндай «қарап көру» ұзаққа созылып кетсе, веб-шебердің жұмысы шетте қалып, уақыты босқа «сізге қызмет етумен» кетеді. Сондықтан да тәжірибелі веб-шеберлер тапсырыс берушіден сайттың мақсат-мүдделерін, мазмұнын, тіпті, түр-түсінің қандай болғанын қалайтынын барынша анық біліп, соған сай толық та сапалы материалды уақытылы топтап бергенін талап етеді.

Қарапайым мысал – маманның жеке сайты немесе блогы және бүтін бір компанияның корпоративті сайтын салыстыруға да болмайды. Ауқымдарының үлкен айырмашылығын айтпағанда, олардың жалпы стильдерінің өзі тіптен басқа-басқа болуы өзінен-өзі түсінікті ғой деймін. Немесе, мұғалімнің және дизайнердің портфолиоларын бірдей етіп жасау мүмкін бе? Біріншісі ұстамды, классикалық стильде, ал екіншісі ашық-екпінді, модернистік стильде жасалуы тиіс сияқты. Сондықтан, веб-шебер тапсырыс берушімен сайттың барлық үге-шүгесін, жұмыс көлемі мен әрбір бөлігін тиянақты анықтап, техникалық паспортын немесе техникалық тапсырысын рәсімдейді. Содан соң ғана жұмыстың бағасы айтылып, келісім-шарт жасалады. Келісім-шартқа кірмейтін жұмысты веб-шебер мойынына алмайды да, істемейді де. Кейін сайтқа өзгерістер енгізіп, қосымша элементтер жасатқыңыз келсе, оларға қосымша келісіммен қосымша ақы төлейсіз. Әрбір жұмыс есептеулі, ақылы.

Әрине, егер Сіз сайтқа тапсырыс береді екенсіз, ең алдымен оның сапалы жасалуына қатты мән беріңіз. Мықты веб-шебер іздеңіз (портфолиосын зерттеңіз) және жоғары сапа үшін сәл-пәл артық қаражаттан аянбаңыз. Әйтпесе «сараң екі рет шығындаладының» кері келіп жүрмесіне ешкім де кепілдік бере алмайды.

2 қателік.   Сайт материалдарын біртіндеп, бөліп-бөліп беру.

Бұл веб-шеберге нағыз ең қиын мәселе. Тапсырыс берушінің «Міне Сізге материалдардың кіші-гірім бөлігі, Сіз бастай беріңіз, қалғанын кейін жібереміз» деген сөзі өз міндетін орындамады, толық материал топтай алмады дегенді білдіреді. Бұл қателіктің нәтижесі былай болады – тапсырыс беруші веб-шеберге бас мәзірдің, фотосуреттердің, мәтіндердің «жаңа нұсқаларын» қайта-қайта жібере береді, олар ескі нұсқалармен араласып, жұмыстың шырқы бұзылады, мазасы кетеді.

Созыла берсе, арада келіспеушілік те, ұрыс-керіс те осыдан шығады. Екі жақтың да ісі тынбайды.

Сондықтан да тәжірибелі веб-шебер жинақталған материалдың толық және соңғы ең жаңа нұсқа екені, енді қайта өзгермейтіні туралы тапсырыс берушінің қолтаңбасымен бекітілген жазбаша келісімін алмайынша жұмысты бастамайды.

3 қателік.   Материал топтаудағы жауапсыздық.

Сайтқа материал дайындау тапсырыс жасаушыға көбіне артық жұмыс сияқты көрінеді. Қаурыт қызметіне онсыз да уақыты жетпейтін адамға бұл бір көлденең тірлік болады. Сондықтан материал жүрдім-бардым, асығыс жинақталады, ескі суреттер мен қолға түскен мәтіндерді бере салады. Сапасына қарауға мұршасы жоқ. Power Point презентациялары, Publisher жобалары, pdf, flash сияқты сайтқа орналастыруға еш жарамайтын форматтардағы материалдарды алып келеді. «Оу, мұның не?» дегенде, «соларды ал да өзің жөндеп алып, сайтыңа қоя бермейсің бе? Біз бәрін дайындап берсек, сонда сен не істейсің?!.» деп веб-шебердің өзіне дүрсе қоя береді.

Мынадай сұрақ туады: сайт кімге керек, веб-шеберге ме, әлде тапсырыс берушіге ме? Сапасы жақсы материал бермесе, сапалы сайтты талап ете ала ма ол? Тағы бір есте ұстайтын мәселе – веб-шебер сапасыз мәтін мен суреттерді өңдеуші немесе жинаушы емес, оның сайт жасайтын өз тірлігі де жетіп-артылады.  Оған қоса, жақсы шебердің тапсырысы да көп болады, әрқашан уақыты тығыз.

Есіңізде болсын, сайт 99% тапсырыс берушінің мәтіні мен суреттерінен құралады. Сондықтан сол мәтінді (Word-тың .doc форматында) және суреттерді (jpg, png немесе gif форматта) уақытында жеткізіп беріңіз.

4 қателік.   Тапсырыс берушінің жоғалып кетуі.

Кейде тапсырыс телефон арқылы беріледі. «Ой, маған жедел түрде сайт  керек!» деп, асығыс келісім жасасқан адам бір-екі аптаға не одан да ұзақ уақытқа жоқ болып кетеді. Одан қайта «пайда болып», қоңырау шалады, «Ойпай, маған өте тез арада сайт керек!» деп. Сөйтіп тағы «жоғалып» қалады. Содан бір күні кенеттен келіп, «менің сайтым қайда? Тез жасап бер!» деп дау салады. «Оу, туысқан! Сайтқа материалың қайда?! Қандай сайт керек екенін айтпайсың ба?!» деген сөздеріңді құлағына да қыстырмайды. Веб-шебердің өте қымбат уақытын алады. Ол «маған пәленшеекем қашан келеді, қашан материал жеткізеді» деп күтіп отыра бермейді ғой! Тоқтаусыз басқа тапсырыстар алады. Енді тап қазір «пәленшеге» уақыты жоқ.

5 қателік. Бір жұмысқа төлейміз де, басқа жұмысты талап етеміз.

Сайтқа тапсырыс берердің алдында веб-шебермен асықпай, жан-жақты талқылап, өзіңізге не керек екенін толық нақтылап барып келісім жасаңыз. Веб-шебер сол кезде тапсырысыңыздың нақты ақысын есептеп шығарып көрсетеді, сол бағаны төлейсіз. Ал енді кейін, сайт жасау барысында немесе сайт жасалып біткен кезде бастапқы келісілген жұмыс ауқымынан тыс «ананы қос, мынаны қос, олай емес, басқаша жаса…» деп қосымша не басқа  жұмыс талап ете бастасаң, бұл енді жөнсіз болады. Ұсақ-түйек бір-екі өтінішіңізді орындауы мүмкін. Бірақ веб-шебер бастапқы келісіммен бір жасағанын қайта жасап отыра бермейді ғой. Ол енді не келісімнен тыс жұмысқа қосымша ақы талап етеді немесе оларды істеуге енді міндетті емес екенін айтады. Содан сіз ренжіп, кетіп қалсаңыз, веб-шебердің еңбегі зая қалады, ал сіздің тірлігіңіз уақытылы бітпейді. Сіздің кінәңіздан екі жақ та зиян шегеді.

Міне, осы кикілжіңдерге бармау үшін былай істеңіз:

1)    Сізге сайт не үшін керек екенін жан-жақты ойластырып, оның құрылымын, яғни қандай бөлімдерден тұратынын анықтап жазыңыз;

2)    Сайт дизайнын, қандай түстер басым болғанын қалайтыныңызды анықтаңыз;

3)    Құрылымға сай бірнеше папка ашып, оларға қажетті материалдарды тізбемен, қаттап тұрып жинаңыз;

4)    Бірнеше күн ойларыңызды тексеріп, материалдардың кем-кетігін тағы да толықтырып, содан кейін ғана өзіңіз таңдаған кәсібилігі жоғары веб-шеберге кіріп, материалдарды көрсетіп, асықпай кеңесіп, оның кеңестеріне құлақ асып, содан кейін ғана тиянақты тапсырыс жасаңыз.

Сонымен, әңгімемізді қорытындыласақ:

Сайт – тапсырыс беруші мен веб-шебердің бірлескен талабы мен еңбегінің жемісі.

Жақсы веб-шебер іздеп табу жұмыстың жартысы. Ал егер оған сапасы төмен, сұрықсыз, реңсіз суреттер мен мән-мазмұны бұлыңғыр, қызықсыз, мақсатсыз мәтін тапсырсаңыз, онда сайтыңыз бәрібір сүреңсіз де пайдасыз болып шығады. Одан тапсырыс беруші ғана емес, веб-шебердің өзі де жиіркенетін болады. Бірақ ол емес, тапсырыс беруші кінәлі.

Құрметті, сайт жасатушылар! Қазіргі ақпарат заманында сайттың өте қажетті құрал екенін түсініп, оны жасатуға ұмтылғаныңызға үлкен ризашылығымды білдіремін. Келіңіз, сол Сіздің жеке ақпараттық сайтыңыз ба, әлде кәсіби портфолиоңыз ба, әлде фирмаңыздың сайты ма, оны өте сәнді де мәнді және пайдалы етіп жасауға тырысайық. Кәсібіңіз бен тұлғаңыздың бет-бейнесі – сайтыңыз мақтаныш тұтып жүретіндей болсын. Бұл әсіресе Сізге байланысты!

 Сайт материалдарына қойылатын талаптар

Мәтіндер MS Office Word немесе Блокнот мәтіндік редакторларында, кез-келген HTML-редакторда жазылған болсын. Негізгі мәтін форматтары  *.doc , *.txt , *.rtf , *.html , *.htm .

Көбіне компьютердің стандартты жүйелік қаріптерін пайдаланыңыз – Arial, Times New Roman, Tahoma, Verdana және т.с.с. Түрлі мәтінді форматтау, яғни сәндеу әдіс-тәсілдерді мейлінше аз қолданыңыз немесе тіптен қолданбай-ақ қойыңыз. Өйткені олар мәтінді сайтқа орналастыруға көп кедергі жасайды. Мәтіндерді бірнеше рет қателерге тексеріңіз.

Егер Сіз материалдарды алғаш рет жіберіп отырсаңыз, онда өзіңіз туралы мәліметтерді де қоса жіберуді ұмытпаңыз: аты-жөніңіз, электрондық поштаңыз, телефоныңыз, фотосуретіңіз және өзіңіз бен кәсібіңіз туралы нақты әңгімелеп беріңіз. Бұлар сайтыңызға жазылатын болады.

Графикалық материалдар – суреттер, фотографиялар, сызбалар мен диаграммалар және т.с.с. кез-келген графикалық редакторда өңделуі тиіс, олар стандартты графикалық форматтарда болуы тиіс – *.gif , *.jpg , *.png .

Графиканы мәтіннің арасына қоймаңыз (бұдан оның сапасы нашарлайды ), суреттердің мәтін ішіндегі орнын белгілеп, өздерін жеке файлдар түрінде жіберіңіз.

Барлық файлдардың аты тек латын әріптерімен, сөздердің арасына бос орын тастамай, бір сөз сияқты етіп жазылуы тиіс. Файлдардың аты барынша қысқа және бірдей болмауы керек. Оларға қосымша түсінік бергіңіз келсе, оған бөлек бір файл арнаңыз.

Сапасыз материал пайдаланылмайды.

 Материалдарды веб-шеберге жіберу

 1)    Электрондық поштамен

CD, DVD дискілергежазыпжіберу (материалдар өте көп болса ғана) -  кәдімгі пошта бандероліне мұқият орап салу керек; Жергілікті пошта мекен-жайын e-mail арқылы аласыз.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>