Өмір бойы ауыл мектебінде бала оқытып келемін. Сонда көріп келе жатқан бір құбылыс мынау – ауыл баласының 70-80 %-ы орташа, яғни «үшке» не одан да нашар оқиды, яғни оқымайды есебі. Бұл ащы шындық, ал жоғарыға кететін есептерде, әрине, «оқитындар» көбірек екенін бәріңіз де білесіз. Оған қоса, мұғалімдердің балаларға жаны ашып, бағаларын көтермелейтіні тағы бар. Мысалы, мен өзім түбінде қабілеті бар балаға бағаны абайлап қоюға, төмен бағаны қоймауға тырысамын. Оның отбасы жағдайын, тұрмыстық ахуалын, денсаулығын ескеріп, аяймын. Бірақ… бағаны, түбінде, оның біліміне қоюым керек екенін де түсінемін. Ал мен оның болашағына сеніп бағалаймын. Бұл, енді, біздің менталитетімізде бар ғой деймін.

«Ауыл баласының 70-80 %-ы орташа, яғни «үшке» не одан да нашар оқиды, яғни оқымайды есебі» деген бұл құбылыс бұлжымас заң сияқты. Менің білуімше, әттең, еш өзгерген емес. Тіпті мынадай, еш жерде ашық айтылмайтын, құпия жәйттер де бастан өткен – жоғарыдан келіп тексеруші қызметкерлердің өзі былай деп алдын-ала нұсқау беріп қояды – “Сыныптардың, жалпы мектептің бақылау жұмыстарының орташа бағасы «төрттен» жоғары болмасын! Оған ешкім сенбейді! Сондықтан да міндетті түрде қайта тексеру жүреді, сөйтіп бәрібір сол «орташаға» түсіреді! Бірақ ол кезде «көпке түсесіңдер!». Сөйтіп, айналып келгенде, бір сыныптың да, жалпы мектептің де, бағалары сол «орташаға» қолдан тураланады – 60-70% «үш», 15-20% «төрт», 10-15% «бес». Деп келгенде әлгі «орташа» шығады. Әйтпесе… жағдай шынымен-ақ қиын болары анық. Не мектепті жабу керек, не… «көпке түсу» керек.

Сонда қалай? «…Ауыл баласының 70-80 %-ы орташа, яғни «үшке» не одан да нашар оқиды, яғни оқымайды есебі»?!. Ауыл мұғалімдері оңбаған ба?!. Оқытпай жүрміз ме?!. Немесе, ауыл баласы білімге тіптен бейімсіз де ынтасыз ба?!. Міне осы, мен үшін өте ауыр, өмір бойы ойымнан шықпайтын, жауабын анық таппай келе жатқан сұрақтарға тағы да бір жауап іздеп көрмекпін.

Жалпы, ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы ешқашан қала мектептерінен нашар болды деп санамаймын. Сонау кеңес өкіметі кезінің өзінде тікелей облыс орталығындағы мектептерді қамтамасыз ету базасының қоймасынан оқуға қажетті небір техникалық және көрнекі құралдарды қалағанымша таңдап алып келіп, сабақтарда еркін қолданғаным әлі есімде. Байқағаным, бұл мектеп директорының іскерлігіне тікелей байланысты, менің директорым өзімді (талаптанған мұғалімді!) ертіп алып барып, әлгі қоймаға кіргізіп, сабақтарыңа қажет дегеннің бәрін ал дейтін. Физика сабақтарында кішкене лупадан бастап кәнігі киноаппарат, спектрограф, кодоскоп, эпидиаскоп, физикадан лабораториялық өте қымбат техникалық кешендерді қызыға оқушыларға көрсетіп, үйреткен кездерімді өте бір сағынышпен есіме аламын. Ал кейінгі істеген мектептерімде жаңа компьютерлік сыныптар бірінен кейін бірі келе бастады, оларды өз қолыммен игеріп, жедел үйреніп, сонау дискісіз, ойыншық секілді «Ёшлик», «Электроника», «Корвет»-терден бастап, қазіргі өте қуатты мультимедиа сыныптарына дейін, Интернет пен локал желіні, проекторларды үздіксіз пайдаланып келемін. Ешқашан техникалық және көрнекілік оқу жабдықтарынан кенде болған емеспін. Радио, фото және компьютер үйрену үйірмелерін белсенді істеткен жылдар да… өтті.

Міне, енді өткенге қарап отырсам,

«Ауыл баласының 70-80 %-ы орташа, яғни «үшке» не одан да нашар оқиды, яғни оқымайды есебі»…

сол шығармашылық талпыныстарым мен құлшыныстарым негізінен зая кеткендей болады да тұрады. Әрине, әңгіме үздік шапқан шәкірттеріміз жайында емес, әлгі көкейде тұрған 70-80% …

Басында «Нені дұрыс істемедім?!.» деп өзімді, кейін алдымдағы оқушыларды, яғни балаларды кінәлағым да келген. Келе-келе бұл мәселенің түбі тереңірек екенін білдім.

Ауыл – қашан да тіршілігі қарбалас, тынымсыз еңбектің отаны. Таң атпай басталған күйбең тіршілік күн бата зорға дегенде саябыр табады. Өте бір, жай көзге байқала бермейтін, нәзік мәселе – осы тіршіліктің ішіндегі адамдар негізінен… бір-бірінен үлгі алып, бір-біріне қарап салыстыра, таласа өмір сүреді!.. Тіпті, аңғара қарасаңыз, бір ауылдың, бір көшенің адамдары өте ұқсас, тіпті, киімдері де, жүріс-тұрыстары да, тіпті, сөз саптаулары мен қылық-қимылдары да бір-біріне құйып қойғандай ұқсап кетеді. Өйткені… бір-бірін жақсы таниды, бір-біріне қарап өмір сүреді. Ауылдың негізгі өмір сүру талабы – ЕЛІКТЕУ және ТҰРМЫСТЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІК. Бұл дұрыс та шығар, бірақ…

Менің өзім үшін жасаған қорытындым мынадай болды – ауыл тіршілігі өз тұрғындарының сана-сезім деңгейіне, ақыл-парасаты мен жекедаралығына, жалпы дарын-таланына қатты талап қоймайды. Бұл ортада жеке адамдардың мұндай қабілет-қарымы қажет емес, сұранысқа ие емес. Дүниетанымға, ақыл-ой мен сезімталдыққа бейім жандар бұл ортадан орнын таппай, қала іздеп кететінінің түпкі себебі осы (қазіргі қала туралы да әңгіме бөлек!). Ал ауылдың адамдары… бір-біріне қарап-ақ тіршілік ете береді. Ауыл санасының , негізінен, тұрмыстық деңгейден көтерілмейтіні де осы себепті. Жоғары логикалық, қоғамдық, әлемдік, дүниетанымдық ой жоқ емес, бар, бірақ ұшқындағаннан-ақ тұрмыстық күйбеңге жұтылып, көбіне көкейде қамалып, өшеді.

Міне, ауыл мұғалімі де, ауыл баласы да, оның ата-анасы да, осы ортада өмір сүреді. Міне, қоғам осы мұғалімнен және осы баладан әлемдік білім мен тәрбие, ғылыми ой мен ақыл-парасат күтеді. Меніңше, ең ғаламат қайшылық осы! Осы қайшылық әлгі 70-80% – ды беріп жүр.

Сонда да болса ауыл баласының «еліктегіштігі» мен «тұрмыстық бәсекелестігі» оның ең бір өміршең қасиеттері екенін атап айту керек. Көргенін тез үйренеді, қарапайым тұрмыс-тіршілікте алғыр, шыдамды да табанды келеді. Өмірдің анау-мынау қиындықтарын елей бермейді, мойымайды, тез бейімделеді.

Ал енді оқу мәселесіне келсек, ауыл мектептерінде жоғарыда аталған қайшылықты қалай ескерсек болады?

Ауыл баласын қалай оқыту керек?

Жоғарыда ауыл адамы, ауыл баласы жөнінде біраз пікір-көзқарас білдірдім. Ауыл баласына әлемдік сападағы білім-тәрбие беруге ең басты кедергі не екенін анықтағым келді. Менімен біреу келісер, біреу келіспес, әңгіме онда емес, негізгісі – көпшілікке, әсіресе сол ауыл адамына ой салсам, сана-сезімі, талпынысы артса деген ниет.

Енді міне, ауылдағы білім-тәрбие саласын қалай шынымен көтеруге болады деген сұраққа, өз ой-пікірлерімнен мынадай қорытындылар жасадым:

1)    «Ең алдымен, ірі ауылдарда өнеркәсіп, мәдени орындарды көптеп ашып, қала типтес елді мекендерге айналдыру керек. Бұл жергілікті ауыл халқының жалпы өмір салтын, ойлау-пікірлеуін, менталитетін заманға сай өзгертер еді» – дегім келеді, бірақ бұл пікірге мен өзім де сенбеймін. Қазіргі өте екпіні қатты урбанизация ауылдан бұрын қалаларға, оның ішінде әсіресе Алматы, Астана мен облыс орталықтарына орасан салмақ түсіріп тұрған заманда ауылға айрықша бетбұрыс бола қояды дегенге ешкім де сенбейді.

2)    Дәл сол сияқты, «ауыл мектептерін қала деңгейіне көтеру керек» дегім келеді. Бұл бағытта тәуелсіздік жылдарында біраз әрекет жасалып келеді, мысалы, қазір ауыл мектебінің материалдық базасы ешкімнен кем емес. Әрине, ата-аналар мен оқушылардан, мұғалімдерден жөндеуге, көрнекілікке және тағысын тағыларға деп ақша жинау әлі де бар, ал мектепке бөлінген бюджеттік қаражат миллиондап игерілмей қалып жатыр! Бұл енді басқа мәселе. Ал «ауыл мектептерін қала деңгейіне көтеру керек» дегенге тағы да сенбеймін. Өйткені ауыл менталитеті бәрібір етектен тартып, иықтан басып, көтертпейді. Мектептің материалдық жағдайы, білім-тәрбие жүйесінің ахуалы, мұғалімдердің кәсіби деңгейі – мұның бәрі кешенді түрде, әрине, мектептің жалпы жағдайына тікелей әсерін тигізеді, оларды жақсартып отыру өте қажет. Бірақ… соның бәрі ауылдың тұрмыстық-әлеуметтік ахуалынан, содан туындайтын ауылдық менталитеттің құшағынан шыға алуы мүмкін емес. Сондықтан, алдыңғы мақалаларда айтылған

«Ауыл баласының 70-80 %-ы орташа, яғни «үшке» не одан да нашар оқиды, яғни оқымайды есебі»…

деген құбылысқа тек білім жүйесі, мұғалімдер ғана кінәлі деген пікірге мен өзім түбегейлі қарсымын. Ол жаңсақ пікір.

3)    Сонда не істеуге болады? – Ауыл мектебінің басты бағдары мен мақсат-міндеттерін, статусын өзгерту керек. Ауыл мектебі, мысалы, тоғызыншы сыныпқа дейін оқытсын. Неге?!. Өйткені a) бұл балалардың өтпелі кезеңінің ақырына тура келеді, ауыл баласы есейіп қалады ә) жоғарғы сыныптарда күрделі теориялық білім негіздері оқытылады, оған ауыл баласы негізінен қызықпайды, ықылас танытпайды б) есейген ауыл баласын ата-ана бұрынғыдан көбірек отбасылық-тұрмыстық еңбекке араластырады, күнделікті тіршілікке жегеді, ақша табады, балалар өз отбасының материалдық жағдайының қауқарын біліп, анау айтқан биік армандарға бара бермейді в) балаға нағыз кәсіпті игеретін жас г) ауылдағы оқуға шын икем-бейімі бар, айрықша қабілет-дарыны бар балалардың негізгі бөлігі осы сыныпқа дейін қалалардағы физмат, ҚТЛ, «Дарын», «Назарбаев зияткерлік мектебі» сияқты арнайы мектеп ордаларына түсіп кетеді. Бұл үрдісті қазір ауылдағы ата-аналар да өте жақсы біледі. Баласының қабілет-қарымын сезген түтіні түзу отбасыдағы ата-ана бұл үрдістен еш шетте қалған емес, бар күшін, бар мүмкіндігін салады. Баласының суырылып шыққанын қалайды. д) осы сыныпта бастауыш және орта білім негіздері аяқталады е) жоғарғы сыныптарға білім беретін мұғалімдердің сапасы да осы кезден нашарлай бастайды, он-он бірінші сыныптарда терең де тиянақты теориялық білім беретін мұғалімнің өзі қазір некен-саяқ, білімділер ауыл мұғалімдігін менсінбейді. Бір жағынан ауыл мұғалімінің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы да мәз емес, күн көрісін күндіз-түні уайымдауға мәжбүр мұғалімдер әлі көп. Әсіресе бір отбасын асырап отырған ер мұғалімдер. Ізденуге, талпынуға мұрша жоқ.

Ауыл баласын оқытуға көзбен көріп, қолмен ұстайтын әдіс-тәсілдерді көптеп қолдану керек деп ойлаймын. Жалаң теорияны сөйлеу, теоремаларды дәлелдеу, терең табиғат немесе адам жанының құбылыстарын ұғымдық ойлау жүйесі арқылы түсіндіру сияқты әрекеттеріміз жеміс бермейді. Оқулықтардың мазмұнында балаға өз ортасының, яғни ауыл мен ашық табиғат мысалдарын молынан пайдалану керек, әрбір сәтте ауыл баласының «еліктегіштік» және «тұрмыстық бәсекелестік» қасиеттерін есте ұстаған жөн. Ал адами, ұлттық құндылықтарды тікелей ертегілерден, жырлар мен дастандардан, жыршы-жыраулар мен батырлардан алу үшін ауылдық оқулықтарға оларды көрнекі түрде молынан сіңіру керек, оларды нақты пән ретінде оқыту керек.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>