мен қандай әкемін?Алдын-ала ескертейін – біреулердің зорлығы мен қоқан-лоққысы өзіне-өзі қол жұмсауға алып келсе, ол нағыз зорлық-зомбылықтың көрінісі, ауыр қылмыс. Мұны мен суицид деп санамаймын. Суицид, менің түсінігімде -адамның ішкі рухи тұйыққа тірелуі, сөйтіп өз өмірінің мәнісін кенеттен жоғалтуы нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсауы.

Меніңше, бұл – қазіргі қоғамның ең қараңғы тұстарының бірі. Өте ауқымды проблема. Және ол тек балалардың өміріне ғана тиісті емес, бүкіл қоғамның өте зардапты ауруының белгісі. Рак деген бәленің асқынып, жара боп пісіп-жетілгеніндей.

Қалай бала, жасөспірім, өмірден безеді?!. Оның бүкіл балауса ағзасы, әрбір жасушасы “өмір, өмір, өмір сүр!” деп айқайлап, күш-қуат беріп тұруы керек емес пе?!. Өмірге бала қызықпаса, кім қызығады?! Ал ол… өмірді тәрк етеді. Мен өзім, мысалы, мұны түсінбеймін де, қабылдай да алмаймын. Бірақ бұл – факт.

Көпшілік, менің білуімше, өзіне өзі қол жұмсау – бұл ауру дейді. Жеке адамның, әлгі жасөспірімнің, ауруы деп қана қабылдайтындай. Ия, ондай да бар шығар. Бірақ дәл қазіргі кезеңде мен бұл көзқараспен түбегейлі келіспеймін, тіпті, оны зиянды қоғамдық құбылыс деген сенімдемін – немқұрайдылық пен қатігездіктің, ақылсыздық пен бейқамдықтың көрінісі деп санаймын.

Балалар суициді – жалпы қоғамдық нәубет. Оны мемлекеттік деңгейде өкілетті мамандар жан-жақты да терең, тиянақты да мұқият зерттеуі тиіс. Оның түпкі қоғамдық себептерін анықтау керек. Бұл – тек физиологиялық ауру ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік, рухи ауру.

Ал енді осы нәубеттің түпкі себептері туралы өзімнің жеке ойымды айтып көрейін. Бүкіл өмірін жастардың білім-тәрбиесіне арнаған тәжірибелі ұстаз ретінде бұл мәселеде өз ой-пікірімді айтуға құқылымын да, міндеттімін де деген сенімдемін.

Тұжырымдай айтсам:

1) Қазіргі балалардың негізгі көпшілігі өте терең рухани жалғыздықта өмір сүруде! Отбасында да, қоғамдық ортада да. Балалардың ішкі рухани дүниесі өз үйінде де, мектепте де, қоғамда да салиқалы, тұғырлы да тұрақты тірек таппайды. Оған түрлі материалдық та рухани тұрмыстық-әлеуметтік және қоғамдық құбылыстар мұрша бермейді. Міне, сол жалғыздық деген аждаһа күшейе келе балаларды жұтып тынуда. Жалпы, адамның ішкі рухани бостығы, вакуумы – оны іштен мүжитін жегі.

2) Қазіргі өркениет технологиялардың, компьютер мен автомобильдердің заманы. Ақша мен жылтырақ дүниенің заманы. Осының әсерінен балалар негізінен шындықтан өте алыстап, өздерінің елес дүниесінде өмір сүреді. Олардың көпшілігіне кәдімгі шын өмір мен компьютер ойындары, теледидардағы кино-мультфильмнің айырмасы жоқ. Ал шынайы адами да рухани қарым-қатынасқа өте жұтаң қоғамның өзі де таза елеске, бұлыңғыр киноға айналады. Мұндай елес өмірдің бала үшін ешбір құны да, қадірі де жоқ. Бала қыл үстінде, әйтеуір жүреді. Жүйкесіне шын өмірдің түйткілдерінің салмағы ауырлау түссе, өмірді өліммен жеңбек болады. Өлімге өз құтқарушысындай, батыл қадам тастайды. Өмірді жеңіп, кейін қайтып келетіндей болады. Өйткені ондай… кинода, мультфильмде көп болады ғой…

Бұл мәселелерді не отбасы, не мектеп шеше алмайды. Тек мемлекеттік, тіпті, дүниежүзілік деңгейде айрықша бір маңызды шаралар жүзеге асырылуы тиіс сияқты. Жалпы қазіргі техноөркениет пен қазіргі техноадамның түрлі деңгейлер мен бағыттардағы өзара қарым-қатынасын терең де тиянақты зерттеулер жасаудың мезгілі келіп тұр. Философиялық деңгейде қазіргі өркениеттің гуманитарлық мәні мен құндылықтарын қайта қарап, бағыт-бағдарын соларға туралап, адамилығын арттыру қажет. Бұл пікірімде мен жалғыз емеспін деген сенімдемін.

Ал оған дейінгі косметикалық, яғни уақытша, кезеңдік іс-шаралар:

1) Мектептерде де, қоғамда да білім-тәжірибесі жоғары кәсіби психологтарды көбейтіп, олардың сапалы қызметін тиімді пайдалана білуді жарнамалау керек. Пайдалану керек. Психолог мамандардың кәсіби басқосуларын – конфреренцияларын, семинарларын және тағы басқа ақыл-кеңес, тәжірибе алмасу шараларын жиі өткізу керек, кәсіби психологиялық онлайн қызметтерді шұғыл жолға қою қажет.

2) Психологтарды техноөркениеттің ең көкейкесті проблемаларын, адами мәселелерін терең түсініп, талдап, сараптай білуге оқыту керек. Технопсихологиялық көзқарас қалыптастыру керек – техноөркениет пен техноадамның өзара қарым-қатынасы, техноадамның жан дүниесіндегі терең өзгерістер мен ағымдар және т.с.с.

3) Тамыры шіріп жатқан зәулім ағашқа ұқсамай, қоғамның біртұтас назарын, көзқарасын жастарға, балаларға, яғни қоғамның түп-тамырына, яғни болашағына тікелей бұру керек. Шұғыл бұру керек!

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>