физика есептеріне дайындықФизика есептерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Шығару үшін соларды біліп, дайындалу қажет. Дайындық мынадай бөліктерден тұрады.

Физика – табиғаттың өзі

Әрбір физика есебі табиғат пен тірішіліктің нақты бір құбылысына арналады. Мысалы, автомобиль қозғалысы, шәйдің қайнауы, электр шамның жануы, көздің көруі, домбыраның үні  және т.с.с. Міне, табиғатты жақсы біліңіз! Айналаңызға қарап, «Неге? Қалай?» деген сұрақтарды жиі қойыңыз, олар қиял-санаңызда өшпес із қалдыратын болсын. Көрген-түйгеніңіз физика есептерін тез ұғып, дұрыс жол табуыңызға негіз болады.

№1-тұжырым.Физика есептерін шығаратын адам табиғат пен өмірге өте сергек те  зерек көзқараста болуы тиіс. Физик – дүниетанымы кең, табиғатты зерттеуші адам.

Физика ғылымы

Физика – табиғаттану ғылымы. Дүниенің сонау түпкі кірпіші – атом-ядролардан бастап, бүкіл Әлемді түсіндіретін бірден-бір ғылым. Сондықтан да, физиканың қыр-сыры мен салалары өте көп. Есептерін тиімді шығару үшін физиканы ғылыми-теориялық деңгейде тиянақты оқу керек. Теориялық  дайындық адамның ойын дамытады, физикалық көзқарасын орнықтырады. Физика «қанға сіңеді».

№2-тұжырым.Физикадан ғылыми-теориялық дайындық есептер шығаруға ғылыми негіз болады, бағыт-бағдар мен әдіс-тәсілдер береді.

Физиканың тілін біл

Физиканың өз тілі бар. Ол табиғат пен өмір, ғылым мен техника, философия мен өнер сияқты жан-жақты салалардың сөздерінен құралатын өте бай тіл. Өз тілінде ойлап, оқысаң ғана физика қызық, физиканы түсінесің. Бұл тілді игерудің бірден-бір жолы – теориялық оқу және молынан есептер шығару.

№3-тұжырым. Табиғат пен өмірдің, техниканың жан-жақты ұғымдарымен тілді байыту қажет. Физика есептерінде алуан түрлі құбылыстар айтылады, оларды дұрыс түсініп, дұрыс жолға түсу үшін ең алдымен сөзді дәл ұғыну міндетті.

Физикалық шамалар мен өлшем бірліктері

Табиғат заңдары физикалық шамалар арқылы формула түрінде жазылады. Есептер де осы шамалармен шығарылады. Олардың әрбірінің өлшем бірлігі бар. Физикада ешбір санды өлшем бірліксіз жазуға болмайды, жалаң санның мағынасы жоқ. Сондықтан

№4-тұжырым. Физикалық шамалардың мағынасын, атын және өлшем бірліктерін өте жақсы білу керек. 

Физика заңдары мен тұрақтылары

Есептер формулалар арқылы шығатыны белгілі. Физика формулалары өте көп. Бір ерекшелігі, физиканың формулалары математикадағы сияқты абстрактілі, яғни қиялда ғана емес, тікелей тәжірибеден алынған заңдар, сондықтан әсіресе олардың физикалық мағынасын түсіну керек.

Физика заңдарында табиғи түрде пайда болатын фундаменталды тұрақтылар кездеседі. Мысалы, гравитациялық тұрақты, жарықтың вакуумдағы жылдамдығы және т.с.с. Бұл тұрақтылардың табиғаттағы маңызы мен орны ерекше, олардың мәнін жақсы түсінген адам жалпы дүниеге терең көзқараспен қарайтыны анық.

№5-тұжырым. Формулалардың және фундаменталды тұрақтылардың физикалық «салмағын» жақсы түсініңіз. Олар жадыңыздан айрықша орын алып, көңіліңізде физика тілінде сайрап тұруы керек.

Математикалық дайындық

Математика – физиканың құралы, тілі. Ең маңыздысы – формулаларды қолдана білу. Бір формуладан басқа формуланы шығарып алу, бірнеше формуланы қатар қолдану сияқты түрлендірулерді орындай білу қажет болады. Формулалармен цирктегі әртістей ойнасаңыз, сізге ешқандай математикалық кедергі жоқ.

Формуланы қорытып шығару бір басқа, оны пайдаланып, нәтижелерді есептеу бір басқа. Физика есептерінде арифметикалық есептеулер өте көп және олардың өзіндік стилін жақсы білу керек.

№6-тұжырым. Формулалармен цирк әртісіндей ойнаңыз және арифметикалық жылдам да тиімді есептеу өнерін жетік меңгеріңіз.

Міне, осы дайындықтан абыройлы өтсеңіз, физика Сіздің ең қызықты да пайдалы ермегіңізге айналары анық. Әрине, ол үшін біраз күш-жігер жұмсайсыз.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>