Жиырмасыншы ғасырда өмір сүрдік. Ғасырдың соңына жақындаған кездерде толғана бастадық. Ол екінші мыңжылдықтың да соңы емес пе. Мыңжылдар ауысқан өліара шақтарда табиғатта, адамзат өркениетінде айрықша құбылыстар жүз беретінін тарихтан білеміз.

Міне, менің де сол кездердегі жеке толғаныстарым біраз рухани күш-қуатты қажет етті. Оның үстіне дүниедегі ең алып держава СССР сол кездерде құлады. Өзіміз Құдайдай сиынып жүрген, өлместей көрінген Ленин, Брежнев деген “күн көсемдер” де қирап түсті. Қазақ елі де алды беймәлім, ертеңі жұмбақ өліара кезеңде, жауапты тарихи жол айрығында тұр еді. Күнде болмаса да жиі-жиі түсіме қараорман халық әбіржи кіріп, шошып оянушы едім.

Сол толғаныс ақыры салмақты бір әдеби шығарма түрінде қағазға түскен еді. Оны “Жиырмасыншы палата (Ұждан азабы)” деп атадым. Көлемі мен ой салмағына қарап, жанры роман деп шамаладым. Оны 1991-1997 жылдар арасында тоқтаусыз жаздым. Өте ауыр жазылды. Жанымды жеп жаздым. Жазбайын деген кездер де болды, бірақ… жазбауға шарам жоқ еді.

Романды бірнеше қайтара өңдеу жасадым. Тек қана үлкен баспаға берудің еш мүмкіндігі жоқ еді, ол “балапан басымен, тұрымтай тұсымен” далбасалап жатқан кез. Оның үстіне, роман жанрын философиялық лирика деп жобаладым, ой,ой,ой, рефлексия. Дәл сол кезеңдегі аласапыранда мұны кім оқыр деген пікірде болдым.

Міне, шығарма сандық түбінде сол жатқаннан мол жатып еді. Тек жақында ғана оны жариялаймын деп шештім. Интернеттен осы қазақстандық әдеби сайт кезікті. Қазір біртіндеп шығуда. Оқып көріңіз, құрметті оқырманым. Мүмкін сізге қызықты болар.

Дәуірлік өтпелі кезеңде тіпті қарапайым адамның да орасан ой толғаныстарға түсіп, ақыл-ойы мен сезім-түйсіктері орасан қозғалысқа ұшырайтынын ұқтырғым келген секілді. Өмірде жеке адамның да дүнияуи орны мен мәні бар екенін, өмір мен жалпы адамзат тағдыры үшін әрбіріміздің жеке жауапкершілігіміз бар екенін көрсеткім келген секілді. Сондай-ақ, қазіргі дәуірдің айрықша толғаныс-өзгерістерінің және бағыт-бағдарының түпкі мәнін өзімнің жеке көзқарасыммен, жеке жүрек толғанысыммен суреттедім бе деген ойдамын. Қалай болғанда да бұл менің дүниетанымым, менің мына дүние мен өмірге адал да тіке берген өз бағам.

Бұл менің өмірімдегі ең үлкен рухани күш-қуат сарп еткен дүнием болғандықтан, оны әкемнің рухына бағыштадым.

Сонымен – “Жиырмасыншы палата (Ұждан азабы)” романы. Оқыңыз!  Мына суретті “тышқанмен” шертіңіз.

20palata-logo

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>