Фб-да о бастан мені мұғалім, оқытушы, ұстаз ретінде қабылдаса деп ойлағанмын. Бұл ретте оқырмандардың мынадай категорияларын күткенмін – мұғалімдер, оқушылар, студенттер, ата-аналар. Бірақ… үмітім ақталмады:

1)   Фб-да мұғалім әріптестерім өте аз, барының өзі негізінен анау-мынауға үн қоса бермейді, пікірін ашық жазуға үйренбеген. «Өз сорпамызға өзіміз қайнап», бұйығып тұрған ортамыз…

2)   Оқушылар… мой мир мен вконтактеге басыбүтін шомып отыр (мақсатым сол жерден мәдениеттірек фб ортаға тарту еді оларды). Фб-да бірен-саран жүр, бірақ біз, мұғалімдері мынадай болғанда оларға не дейсің. Тіпті, балалардың әлеуметтік желілерге шықпай-ақ қойғанының өзі дұрыс болып тұр қазір, оқуын оқысын.

3)   Ата-ана ше? Бір адам ата-ана ретінде интернетте менімен сөйлеспепті! Фб-да – журналистер, ИТщниктер, саясаткерлер, қайраткерлер. Әр саланың адамдары, байқаймын, бөлек клан – мінез-құлқы да, сөз саптауы да, көзқарастары да… тіпті әзіл-оспағы мен өзді-өзі ұрсып-таласуы да… бәрі өзгешеленіп, бір-біріне бөтен дүние сияқты. Ол орталарда бала тәрбиесі туралы салиқалы сұхбаттарға орын жоқ. Кейде аңырып қалам – журналист пе, саясаткер ме, қайраткер ме, халықтың қамын сөйлеп отырған болады, бірақ тек өз кланына ғана, өз тілінде айтып отырғанын сезбейтін секілді. Оны өздері байқай ма, білмедім. Оған қоса, сол қара халықтың өзі, қарапайым мұғалімдерімен және проблемаларымен бірге, ғаламторда сирек қой, оларға сөз қалай жетеді?!. Баяғыда Ресейде «аристократиялық искусство» ағымы пайда болғанда Лев Толстойдың «искусство дошло до цинизма в отношении своего народа, искусство с ума сошло» деген сияқты айтқаны бар еді, соған ұқсатамын кейбір біздің қайраткерлерді. Мұғалімдер кланы ғаламторда әлі жоқ! Жалғыз өзімді кім мойындасын. Өзімде де кінә бар – бәрі «құрметтейміз!» дейтін ұстаздың тұлғасын, образын көрсете алмасам керек, пендемін ғой енді. Сондай құрметті ұстаздар ғаламторға көтеріле келсе, талқылай-таласып, пікір-көзқарастарын төгіп тастаса, бүкіл жамағат ата-ана ретінде оларға жаппай жүгінсе, білім-тәрбие мәселелері министрлікте ғана емес, ғаламторда ашық айтылып жүрсе, білім-тәрбиеге оң қоғамдық көзқарас қалыптасса, дұрыс шешімін табар ма еді… Тарта алмадым фб-ға әріптестерімді молынан. Бұл қазірше таза утопия болып тұр. Мүмкін қажеті де жоқ па мұғалім халқына осы фб-ның. Мүмкін фб-ға мұғалімдердің қажеті шамалы шығар-ау…

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>