немесе

«мен неге Кэмбриджге ренжідім?»

Бұл мақала мен сияқты мектепке қырық жыл өмірін арнап «қадірлі ұстаз» болған қарт ұстаздар туралы. «Біз кімбіз? Біздің мектептегі қазіргі  орнымыз қайда? Біздің қадіріміз қандай?» – деген сияқты сан сауалға жауап іздедім. Өзіме есеп бердім.

Жалпы, адам өмірі негізгі үш кезеңге бөлінеді – балалық шақ, ересек шақ, қарттық шақ.

Қытай ғалымдары адам өмірін 7 кезеңге бөлген. Мысалы, «Қалаулы» жас деп 60-тан 70-ке дейінгі аралықты айтқан. Бұл – адамның рухани дүниесінің және даналығының дамитын кезеңі.

Ал ертедегі Греция философы Пифагор адам өмірінің кезеңдерін жыл мезгілдерімен салыстырған:

Көктем – 20 жасқа дейнгі өмірдің бастамасы және дамуы,

Жаз – 20 мен 40 жас аралығындағы жастық шақ,

Күз – 40 пен 60 жас аралығындағы есею,

Қыс – 60 пен 80 жас аралығындағы қартаю.

Көктем – өмірдің бастамасы, өсіп-өнуі. Бала айналадағы жаңалықтарды және білімді қызыға қабылдап, сонымен бірге бәріне әлі ойын сияқты қарай отырып дамиды. Бала, біртіндеп ашылған гүлдей, жетіледі. Жаз – есею шағы. Адам жайнап, жайқалып, оны әрбір жаңалық, әрбір сырлы құбылыс өзіне магниттей тартады. Бірақ адам әлі өзінің балалық көңілін жоғалтпайды. Күз – адам есейді, байсалды болды, бұрынғы жастық алып-ұшпа, ұр да жық көңілі енді өзіне сенімділік пен салмақтылыққа ауысты. Қыс – ойланып-толғану мен өмірді қорытындылау кезеңі. Адам өз өмірінің үлкен бөлігін жүріп өтіп қойды, енді оның нәтижелерін ой елегінен өткізіп, қорытындылайды.

Әрбір кезеңде адам түрлі жаңа нәрселерге ие болады, өз құндылықтарын қайта қарайды, қоғамдағы өзінің әлеуметтік орнын өзгертеді.

Әрбір шақ өз ерекшеліктеріне ие: әрбір кезең алдыңғысын толықтырады, өзімен бірге әлі өмірде болмаған, күтілмеген жаңалықтар алып келеді.

Ең есейген шағында адам белгілі бір биіктерге жетеді. Кәсіби салада өзінің тұрақты көзқарасы мен бағыты, айқын әлеуметтік орны бар. Шешімдер жан-жақты ойластырылып қабылданады, адам жауапкершіліктен қашпайды, бүгінгі күннің қадірін біледі, өзінің де, басқалардың да қателіктерін кешіре алады, өзін де, басқаларды да шын бағалай алады.

Бұл жетістіктердің, биіктерді бағындырудың және өз дамуына барынша мүмкіндіктер алу шағы.

Қарттық жетістіктерден гөрі жоғалтулармен байланысты. Адам бұл кезде еңбек жолын аяқтайды, оның әлеуметтік қоршауы күрт өзгереді, физиологиялық жағынан да сөзсіз өзгерістерге ұшырайды. Бірақ адам бәрібір өзін-өзі дамытумен айналысуына болады, көбінесе бұл рухани бағытта, өз ішкі әлемін дамыту жағынан жүреді.

Қашанда адам өмірі мән-мағынаға толы, жаңалыққа құмар болса және бұл даналық пен ішкі дүниесінің рухани байлығымен үйлесімді болса, онда ағзасының физикалық мүмкіндіктерінің шектелуіне қарамастан, адам жаны ешқашан қартаймайды.

Міне, бұл «Қадірлі ұстаздар, біз кімбіз?» деген сұрақтың қысқаша жауабы. Мен мұнда өзім сияқты жасы 60-ты алқымдаған, 60-тың ол жақ-бұл жағында, әлі зейнеткерлікке сәл ғана жете алмай, өз қызметін атқарып жүрген ұстаздардың психологиялық ахуалын көрсеткім келді.

Ия, біз осындаймыз. Өмірден көрген-білгеніміз мол, мақсат-мұраттарымыздың көбіне жетіп, ақыл тоқтатқан, шүкіршілік қылған кісілерміз. Рас, әлі де өзімізді қаншама қамшыласақ та, бойымызды жинақтасақ та, бәрібір уақыт өз дегенін істейді, бойымызда ауырлық-шаршау бар, ауру-сырқау бар, қысқасы, «бұрынғыдай ем…еее…с»!

Дегенмен, 60-тың да алпыс сиқыры бар екен!

Ең алдымен мына бір ғажайыпты айтайын – нағыз көріпкел, бәлгердің өзі боласың! Өйтпегенде ше! Өмірде сен көрмеген, сен білмеген не қалды?!. Өстің-өндің, оқыдың-тоқыдың, ыстық-суықтың көбінен өттің, жаман-жақсыны көрдің, дәм-тұзды таттың, адамдардың пейіл-көңілін, мақсат-мұраттарын, сана-сезімін, іс-әрекетін парықтадың… Осының бәрінен даналықтың түйіндерін түйдің, қиындарын қиыстырдың. Даналықтың дәнегін жедің. Сен білмейтін тылсым қалмағандай бұл дүниеде! Дүние де, адам да, өмір де, бәрі көз алдыңда мөлдір әйнектей, іші-сырты біртұтас көрініп тұр! «А…» демей жатып артын,  «Б…» демей жатып беткейін біліп қоясың. Көзің, көзің жетпегенін көңілің «рентгендей» тесіп өтіп тұрады. Даналық деген осы шығар, шамасы! Қарттықтың ең үлкен қадірі де осы-ау!

Әрине, бұл даналық қарттардың да әрқайсысына дари қоймаған шығар, адам да әртүрлі емес пе. Дүниені кеңінен көріп, тереңінен зерделеп, оқыған-тоқығаны мол қариялар бар да, өмір бойы үйінің, одан әрі кетсе мектептің  төрт қабырғасынан ұзамаған, күнделікті күйбеңімен ғана қартайған қарттар да бар. Бұлардың дүниетанымында, ақыл-ой, сана-сезімінде жер мен көктей айырма бар екені сөзсіз.

«Күйбеңшілдер» күйбең тірліктен әрі әңгіме айта алмайды, өмір-тіршілікке бойламайды, әлі қылжақпас та, ойыншыл да, зәржақ та, яғни жеңілтек мінез-құлықты болады. Кейбірі жастармен жас болып, қыз-қырқынмен ойнағысы келеді… Өзі әлі бала мінез, бұлар жастарға қалай жөн сілтеп, қалай ақыл айтсын!.. Осындай қарттарды көрген жастар жасы үлкенді силаудан қалып жатқаны анық.  Мұндайларды мұғалім халқының арасында кем де кем ұшырайды деп үміттенемін, қанша дегенмен оқыған-тоқыған ортада өмір сүреміз ғой. Менің әңгімем олар туралы емес, басалқалы да шынымен қадірлі ардагер ұстаз апайлар мен ағайлар жөнінде. Айналасындағы жас мұғалімдерге де, балаларға да ақыл-кеңесші, қысылғанда көмекші, мейірбан, алдыңғы буын ағалар мен апалар жөнінде.

Әсіресе, біздің жалпы өмірлік және оқу-тәрбие саласындағы мол тәжірибеміз туралы. Бұл енді «Біздің мектептегі орнымыз қайда? Біздің қадіріміз қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеу.

Менің өз қатарластарым (келесі жылы, Құдай қаласа, зейнеткерлікке шығамын) бар, ізімізді басып келіп қалғаны бар, аға буын ұстаздарға ең алдымен айтарым:

Өмір бойы ұстаздық еткенде құры босқа жүрмеген боларсыз, бала оқыту мен тәрбиелеуде өте бір мәнді түйіндер түйген боларсыз, өзіңізге жараса ізденіп, талпынып, мол тәжірибе де жинақтаған шығарсыз, «мен пәлен жыл ұстаздық еттім, бұл кәсіптің қыр-сырын мен білмесем, кім біледі?» дейтініңіз содан шығар. Онда осы мол тәжірибені арқалап кетеміз бе, пайдасыз етіп тастай саламыз ба, онда өзімізге деген шын құрметіміз қайда? Тастау үшін жиып-тердік пе, тастай салатындай соншалықты қадірсіз өмір сүрдік пе?!. Алтыны бар адам оны еш өкінішсіз лақтыра сала ма?!. Өмір тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа мәпелеп-аялап берілмесе, қолдан-қолға төкпей-шашпай тапсырылмаса, өмір алға жылжи ма, өмір жаңара ма?!.

Міне, Қадірлі ұстаздың орны да, қадірі де – өзінің мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа төкпей-шашпай, жинақтап, аманат етіп тапсыру! Кейінгі ұрпаққа аманатын өткізу. Бұл – алдыңғы аға буынға әрқашан міндет те парыз. Өмірдің серті.

Мен бұл ойға бірден келгем жоқ. Қартайғанда жетеме енді жеткен жоқ. Бұл ойдың туындаған түп-тамырын айтайын. Ақыры айтқан соң – айтайын.

Ежелден-ақ, физика-математиканы оқыта бастаған кездерден, менің шынымен қиналатын, намыстанатын сәттерім болды – Ньютон, Фарадей, Эйнштейн, Пуанкаре, Лоренц, Кант, Сухомлинский, Макаренко, Пифагор… т.с.с. біздің елге жат есімдерді атап, қазақ баласына оқытуым керек болған кездерде… Дәл қазір, жазып отырып, әлі де көңілімді «мысық тырнап» тұрғанын мойындаймын.

Кешіріңдерші мені, бірақ не деген «оқушы» халықпыз біз, бәрінен оқимыз, бәрі бізге үйретуші, бәрі бізге мұғалім! Бір қазақтың аты жоқ ішінде!  Осыған тіпті намыстанудың өзі күлкілі көрінеді қазір! Ия, кейде ырымға Ы. Алтынсаринді, Ш. Уәлихановты, Абайды, Жәутіковты  және с.с. өз тұлғаларымызды араластырып қойған боламыз… Бірақ оларды, не десең де, басқа дүние білмейді де, оқымайды да. Сондай-ақ, пайдаланатын заттардың бәрі шет елдікі! Ақпараттық азығымыз да – шеттен.

Бұл «үйренуші», немесе «шеттен алушы», немесе «шетке табынушы» ролі әбден қанымызға сіңіп кеткені сонша, жеңілгеніміз сонша, біздің тағдырымыз осындай деп әлдеқашан мойынсынғанбыз, бұл ешкімді мазаламайды. «Шет елде электр, радио ойлап тапқан кездерде біз тек малдың артында жүргенбіз». «Біз әрқашан шет елдің жетегінде жүретін халықпыз». Көндігіп кеткелі қашан!

Жоқ, шет ел жетістіктерінен басыбүтін жиренейік, араны үзу керек деп отырғам жоқ. Ол мүмкін емес нәрсе. Қанша дегенмен бүкілөркениеттік ортақ мәдениет қой. Тек өз сана-түйсігімізден саралай өткізіп барып, өздігімізді сіңіріп, яғни қазақыландырып барып қабылдайық та. Мысалы, өзбек ағайын көп нәрсені демде өзбектендіріп, орыс ағайын орыстандырып жібереді, солар ғұрлы жоқпыз-ау…

Міне, дәл осы менталитетпен біз ұрпағымызды ұрып жүрміз! Дәл осы менталитет ұрпағымызға тіпті қанымызбен, күнделікті тірішілігімізбен беріліп, оларға «жетекші болма, біз жетекке жаралғанбыз», «өз басыңмен өз тірішілігіңді істеме, бізге оны жазбаған, шет елдің дайынын ал да, пайдалана бер» деп тынбай нұқып тұр. Біздің жас ұрпақтың көбіне талапсыздығы, «дайын асқа – тік қасық» кейпі, ізденуге, өздігінен жол тауып, озуға деген ықыласының жоқтығы осы ұзақтан келе жатыр. Ал біз жастарды кінәлаймыз. Жастар – алдыңғы ұрпақтардың жемісі ғана. «Жеміс ағашынан алыс түспейді». Қатты болса да мойындау керек – жастарға тұлғалылықты емес, керісінше, тұлғасыздықты, мінезсіздікті мұраға көбірек беріп келеміз! Ақиқат – ащы.

«Ухх!» деп енді бір деммен айтайын – келешек ұрпаққа мінез бен тұлғалық қасиеттерімізді, өмір қайраған жігер-қайратымыз бен ақыл-парасатымызды, өмірден жиған мол адами тәжірибемізді тамшылап болса да сіңіруге, аялап-мәпелеп өткізуге бар күшті салайық. Ұрпақ сабақтастығы арқылы ғана үкілі де үмітті ұрпақ жетіледі. Мүмкін әлі де болса ендігі ұрпақ «өздігі» оянып, «жетелегеннің жетегінде, ентелегеннің етегінде» жүрмей, өз ақыл-парасатымен, өз игі бастамаларымен өмір сүріп қалар. 

Бұл әрбір үлкен кісіге салмақ, оның ішінде әсіресе ұстаздардың алдыңғы буынына артылған нардың жүгі. Міне, қадірлі ұстаздардың орны да, парызы да.

Енді бұл мәселеге басқа тұстан қарайық – осыны ойлап жатқан білім саласы бар ма?! Алдыңғы ұрпақ ұстаздардың тәжірибесін бағалап, қадірлеп жатқан білім саласы бар ма?! Меніңше, бұл жұмыс жоқ.

Ұстаздық тәжірибені де тістеп-тырнақтап жинақтап, саралап-сөрелеп реттеп, тиімді жүйеге келтіру керек. Жүйелі түрде тарату, талқылау  керек. Сонда ғана ол күнделікті құралға, күнделікті оқу-тәрбие құралына айналады.

Бірнеше жылдан бері мектептерге Кэмбридж оқыту әдістемелерін  енгізуге барынша күш салынып жатыр. Оның түпкі идеясы да тамаша. Қаншама қаражат, уақыт, адам соның ішінде жүр! Әйтсе де, маған бұл науқанның ең алдымен әсері – қатты намыстандым! Менің жеке пікірім -  сонда қалай, өзімізде осындай екпінмен тарататын бір тәжірибенің табылмағаны ма?! Мен және менің әріптестерім бекер жүрдік пе?! Бізді көзге ілмей, мұхиттан әрі асып Кэмбриджді іздеп кетсе, сонда біздің кім  болғанымыз?!. Оның үстіне, бізде шынымен жоқ нәрсе болса мейлің ғой. Мысалы, компьютерлік, ақпараттық технологияларды алайық. Бұл таза сол Батыстың өнімі. Ал солардың «үйретіп» жатқан оқыту технологиялары – бізде бар! Қазақстанда – БАР! Ол да түбі Ресейден келген, бірақ өзімізде ұзақ жылдар сынақтардан өткен. Тек осы өзімізде барды басқа сөздермен, басқа атаулармен, өздерінің  жүйесімен жүйелеп, жаңалық деп сатып жатыр бізге. Ал біздікі…

Тек сол баяғы – өзімізге сенбеушілік, бөтенге табынушылық, өзімізді өзіміз менсінбеу, «қолда бардың қадірін білмеу», дайынға жапырыла жығыла салу.

Жүдә болмайды дегенде, тағы да сол әңгіме – ең болмаса шеттен келген бағдарламаның мазмұнын қазақыландырып барып пайдалануға болар еді ғой. Мен нені айтып отырмын? Мысалы, теледидардан біздің дарын мектептерінің балалары сөйлегенде көрдік! Мақұл, математикадан мықты делік. Бірақ қазақшаны тұтығып, қиналып зорға сөйлейді. Мықты деген оқушылардың өзінің бойы сіресіп, жаттанды да жазу сөзбен жауап береді. Өзінің еркін ой-пікірін айтқанын, қазақша көсіліп бір әңгімелескенін, өкінішке орай, мен өзім көре алмадым. Басқа білімдерінің де айтарлықтай кең де терең екеніне күмән туды. Меніңше, бір ізге салып қойған роботтарды көргендей әсер қалды, қайтейін енді. Осы ма үйренгеніміз?!. «Шет ел, шет ел» дегендеріміз балалардың басына «тері қаптап», мәңгүрттікке алып баратқан жоқ па деген қорқыныш бойымды биледі. Бұл фобия емес, сол баяғы… тіл мәселесі. Тіл – сананың тікелей көрінісі. Қазақша ойлап-парықтауымыздың көрінісі. Қазақша санасы ашылмай, балаларымыз «шет елше» де ұзаққа бармайды деген менің түбегейлі сенімім бар.

Осы бағыттағы бір толғанысымды бұрынырақта (16.09.13) интернеттегі proza.kz сайтында да жариялағанмын.

Мен былай толғандым:

Шынайы білім алу үшін қандай бетбұрыс керек?

(білім саласы туралы жеке пікір)

Ия, бұл ежелден келе жатқан сұрақ. Оған Кеңес өкіметі де, қазіргі өкімет те жауап беріп келе жатыр. Соңғы жиырма екі жылда он жеті білім министрі осы сырлы сұраққа өзінше «жауап» беріп келді…

Бұл не деген жауабы дәл табылмас сұрақ десеңші!

Ал енді оның шешімін шет ел тауып қойған-мыс. Олар… бәрін біледі екен-мыс. Түрлі-түрлі шет ел оқу технологияларының көз тартар әсем аттарын былай қоя тұрғанда, «Кэм-бри-дж бағдарлама-сы!» О-о, қалай естіледі құлаққа! «Кэмбридж ғой ол!» Енді орыстан шет елге қарай жығыла салдық. Туу-у! Не деген қоғадай жапырылғыш халықпыз!.. Таң қаламын…

Мұндай таңғаларлық нәрселер бығып жатыр – орысшадан қазақшаға өте алмай жүріп, ағылшынға әуеспіз, ол да шала-шұрпы әйтеуір, өз асымызды теуіп жүріп, шет елдің асын асап, уланып барамыз, шет елдің көлігін, шет елдің жасаған техника мен технологиясын жүзіміз шімірікпей пайдаланамыз, қор қылып, «итін шығарып» пайдаланамыз және тағысын тағылар… Таң қалмайды ешкім! Ешкім ұялмайды! Ешкім намыс көрмейді!

Кейде қиялымда қазақтардың орнына немісті ме, ағылшынды ма ауыстырып көремін – олар, жаппай қазақ тілінде сөйлемесе де, тілдері қазақшаға қарай «бұралып» кете берсе, қазақтың жыр-термелерін тамсана тыңдаса, жатқа айтса, қазақтың құрт-бауырсағын, қымыран-қымызын, қазы-қартасы мен ет-сорпасын аңсап, іздеп келіп жеп жатса, сұраныспен қымбатына сатып алып жатса, қазақтың жасаған техникасы мен технологиясы оның әрбірінің үйінде істеп тұрса, бір қазақты көргенде бәрі жапырылып түссе… О-о! Ағылшын не неміске, қытай не кәріске осы қиялымды айтып берсең… сол сәтте «ой, қиялшыл қазақ-ай!..» деген сайқымазаққа ұшырайтының анық, ал іштей намыстан тырсылдап, «өлсем де қазаққа күнім қарамас…» деп өзін қайтсе де биік ұстауға ұмтылады.

Ал қазаққа… бәрібір. «Еті өліп» қалған. «Дайын асқа – тік қасық» қағидасына әбден үйренгеніміз сонша, кө-ө-өп нәрсеге намыстанбаймыз да, қорланбаймыз да. «Жақсы нәрсені пайдалана берейік те, оның несі намыс…» деп өз-өзімізді әлдеқашан ақтап алғамыз.

Міне, осыдан барып қазіргі қазақтың шын бейнесін көріңіз – «қазақ – пайдаланушы». Басқалар өндіруші де, қазақ солардың өнімін пайдаланушы. Тіпті тіліне дейін пайдалануға дайынбыз. Бұл қазіргі қазақтың, тіпті, қанына сіңіп кеткен, яғни… «уже халықтың менталитеті осылай қалыптасқан».

Ба-ар… Бармыз, мен сияқты осы мәселелерді көріп, түсініп, намыстанып, қорланып жүргендер. Небір өнерлі де, еңбекқор да, биік саналы да қазақтар баршылық. Әттең, олардың бар ақыл-ойын, әрекет-ұмтылысын түбірі терең де мықты «тот же халықтық менталитет»… әлі де жұтып, тұншықтырып жіберуде. Жалпы халықтық ақыл-ой пісіп келеді, бірақ өз-өзін танып, өздігін тіктеуге, яғни өзінің көп жылғы «бөтен де ескі терісін» жарып шығып, өзінің шынайы тұлғасын көрсетуге жалпы халықтық қайрат-жігер әлі жетіспей тұр. Мен де осы халықтың ішіндегі адаммын, сондықтан мұны көріп-біліп айтып отырмын. «Ескіні» жарып шығу деген… әй, қайдам.

Міне, осыдан да – қазақ тілінің әлі де бей-шара ахуалы, жарнамалар мен құжаттардың, кітап-оқулықтардың «сақаулығы», қала-ауыл аттарының «айбақ-сайбағы», балаларымыздың дүбәра аттары…

Ал қазақтың шынайы тұлғасының ашылғаны өзіне де, әлемге де тек жақсылық әкелетін ғажайып екеніне еш күмән жоқ! Бұл бір мүмкін болса,  кейінгі, тәуелсіздік ұрпағының ғана қолынан келуі мүмкін-ау!

Алғашқы сұрағыма қайтайын да, оған мен де өзімше жауап беріп көрейін. Білім саласын әлгі он жеті министріңнен артық болмаса, кем білмейтін, бүкіл өмірін мектеп ішінде, балаларға арнаған тәжірибелі ұстазбын ғой, сондықтан бұл маған парыз да, міндет те.

Тұжырымдай, қысқа айтсақ:

Балаларға мектеп аракідік сіңірмек болған ұлттық, мемлекеттік  құндылықтарды қазіргі сол мектепті қоршаған қоғам жоққа шығарып, өшіріп жіберіп жатыр. Шала да екіжүзді дүбәра қоғам жөнделмейінше мектеп осы бей-шара күйінде қала бермек. Бүкіл қоғамды жөнге салуға мектептің шынымен-ақ шарасы жоқ. Ол оның міндетіне кірмейді де. Тіптен, мектептердің өзі де қазір сол дүбәраланып, ұсақтанып кеткені жасырын емес. Арнайы мектептерде мүмкін мықты әлемдік білім беріліп жатқан шығар, бірақ мықты ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар берілуде дегенге мен өзім сенбеймін. Ал «ұлттық тәрбиесіз әлемдік білімің тұл» дегім келеді – тұмшаланып, тұншығып қалары хақ.

Ұлттық құндылықтар түбінде қазақтың жыршы-жырауларынан, сал-сері мен би-батырларынан, батырлар жыры мен жыр-термелерінен, қолөнерінен бастау алатыны айдан анық. Қане осы алтын бастау?! Қай мектепте түбегейлі де тиянақты оқытылып жүр?!.

Ой-буу!.. Осы ұлы ұлт нәрін бойына құймаған бала қазақ бола ма?!. Ұлы ұлт қазынасындағы ғаламат рухты ол бала қайдан алады?!. Міне, гәп қайда!..

Міне, осы ұлттық қазынаны, ұлттық рухты түп негізге алып, білім мен тәрбие берудің «Қазақ концепциясын», «Қазақ доктринасын» жасау керек. Өз бағытымызды таңдайық. Ол қиын да емес, ол – анық. Мысалы, төмен сыныптардан бастап балаларға жыр-термелерді, ертегілерді, ән-күйлерді күнделікті тыңдатып, қолөнерін ұстатып, бойына сіңіріп өсірейік деген сөзді қаншама ел азаматтары айтып келеді. Айтқан-айтқан жерде қалып жатыр. Мен де айтамын. Ұлттық тәрбие сыныптардың төрт қабырғасында домбыраны бір-екі түртіп, не кестені бір-екі тоқып, не жыр-терменің кішкене үзіндісін әдебиет не тарих сабағында тақпақтап қоя салумен шектелмеуі тиіс. Жалпы мектепті, оның оқу-тәрбие процесін Ұлттық рух философиясы он орап алуы тиіс. Ол барлық пәндердің оқулықтарынан да, оқу компьютерлерінен де аңқып тұруы тиіс. Нағыз қазақилықты қазіргі заман  мәдениеті деңгейінде ұсына білу керек. Балаларымыз нағыз қазақы рухты  мінезді «мәмбетизм» деп қабылдамау керек, мақтаныш тұтуы керек.  Міне, концепциялық бетбұрыс деп мен осыны айтамын. Қазір, әлі де осы түп-тұғырымызды бекітіп алайық. Ертең… кеш болады, егер «уже» кешіккен болмасақ…

Меніңше, міне, осы бетбұрыс – білім-тәрбие жүйесін түбегейлі дұрыс жолға салады. Қазір шешімін таппай тұрған көптеген жастардың білім-тәрбие қиындықтары өзінен-өзі жоғалады.

Шет елдің жақсысын алу керек. Кембриджге мен де тіптен қарсы емеспін. «Жақсыны үйрен де жирен». Бірақ шет елден алатын білім-жаңалықтар, технологиялар осы «Қазақ концепциясына» жол-жөнекей қызмет ете береді, оның бойын бекіте береді, бірақ не «белін сындырып», не «бөтен бағдарға бұрып» жібере алмайды. Оған қазақи рухы берік, елдік тұлғасы бар ұрпақ жол бермейді. Осылай, өзімізге тән ұлттық тұлғамызбен, ұлттық мінезімізбен ғана жаһандану үрдісінде жоқ болып кетпей, лайықты орын аламыз. Әйтпесе… қою, қуатты бояулардың солғын да сүрең түстерді жуып кеткеніндей, жуылып кетуіміз бек мүмкін.

…«Ой, қиялшыл қазақ-ай!» деймін өзіме. Өйткені қазіргі білім мен қоғам алпауыт шет елдерге жан-жақты жіпсіз байлаулы екенін де білемін. Олардың небір құйтырқы тәсілдермен өз дегендерін істетіп жатқандарын да ішіміз сезеді. «Әй, қайдам, Кэмбриджден ажырау деген… мүмкін де емес-ау» деп жасимын… Оған қоса – қазақ әлі өзін-өзі құрметтеуді үйренбеді. Осының бәрін көріп, сезіп отырып, болашаққа сенімім шайқалды, ұрпақ көбейтіп, өсіруде, тәрбиелеуде мән қалмай барады.

Сонда да болса… жаздым. Ұрпағымның алдындағы парызым үшін. Мүмкін жас ұрпаққа ой салар. Мүмкін… он сегізінші министрге де.

 

Біз сонда не бітіріп жүрміз?!. «Мен сонда не тындырдым?» деп өткен өміріме қарайлаймын.  Міне, мені қатты мазалап жүрген осы қатал сұрақтарға әлі еш тоқмейілситіндей жауап табар емеспін, әттең…

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>