Ия. ҰБТ, меіңше, біздің жалпы менталитетімізге, өмір сүру бейім-дағдыларымыз бен күнделікті тіршілік ырғағымызға еш сай келмейтін сияқты. Сондықтан, міне, биыл тағы да ҰБТ… балаларымызға өте жайсыз өтуде. Бұған ҰБТ туралы қазіргі жан-жақты ақпаратпен таныссаңыз, көз жеткізесіз.

Мүмкін, тест дүниежүзілік үздік тәжірибе шығар, мүмкін тест өте жетілген сынақ әдісі шығар, дегенмен, қалай болғанда да, біздің балаларға ҰБТ-ның әлсіз тұстары әлдеқайда қаттырақ, қаталдау да жайсыз тиген сияқты.

Мен бұрынғы кеңес өкіметі кезіндегі емтихандардан өткен адаммын. Қазіргі жастар сол емтихандарды дұрыс жол деп ойлайды. Осы пікірдегі адамдар үшін емтихан тапсыру жолын кішкене сипаттап берейінші.

Ең алдымен айтатын мәселе – емтихандарды тапсыру айға созылады. Бірінен кейін бірін, араға апта салып тапсыру кімді болса да біртіндеп діңкелетіп тастайды. Жатақхана берсе, сонда топырлап шулаған, дабырлаған жастардың арасында емтиханға тиянақты дайындалу да, күн көру де оңай болмайтыны анық. Жол жүру, тамақ, күн көріске біраз қаражат кететіні тағы анық. Мұның бәрі қазір қалада қымбат.

Келесі – әрбір емтиханды жоғары оқу орнының нақты бірнеше немесе жеке мұғалімінің қарсы алдында отырып тапсыру керек болады. Онымен жүзбе-жүз отырып, сөзбе-сөз жауап беру керек. Жазбаша жұмыстарды да жекелеген адамдар тексереді. Тағдырың сол адамның жеке мәдениетіне, біліміне, мінезіне, сені қалай қабылдауына тікелей тәуелді болып қалады. Ал пара бергің келсе, оны жоғарыдағы, қабылдау комиссиясының басшыларымен «сөйлесу» әлдеқайда қымбатқа түседі. Пара алу «қылышынан қан тамған» кеңес кезінің өзінде де болған, мына ҰБТ-ға өтудегі негізгі мақсаттардың бірі осы қиындықтардан шығу еді ғой.

Дұрыс, емтихан тапсырудың өзіндік жақсы тұстары бар. Онда әрбір абитуриент өз білімін жүзбе-жүз дәлелдеуі керек. Тестегідей тек «птичкалармен» ЖОО-ға «ұшып» өте алмайсың. Жаттанды тапсыру мүмкін емес, тақырыптың мазмұнын білу, әңгімелеп беру қажет болады. Әрине, мұнда да шпаргалка деген «құтқарғыш» қалмайды, тонна-тонна болары белгілі.

Міне, осының бәрін неше жылдан бері таразылай жүріп, менің ұққаным былай.

Әңгіме сынақты қай формада тапсыруда емес-ау!

Әңгіме – өзімізде! Балаларымыздың, мектептің білім дәрежесінде ғана емес, жалпы біздің қазіргі қоғамның мәдени-әлеуметтік, тіпті, тарихи ахуалында дер едім. Жалпы халықтық сана-сезімнің даму деңгейінде көп сыр бар. Міне, осы «сырымыз» ҰБТ-ның қатаң да құрғақ мінезімен еш сай келмей тұр.

Менің жеке жасаған қорытындым, қысқа қайырғанда – ҰБТ-ны да зерттеп, жетілдіру керек, ал, екінші тұстан, қоғамның санасын, мәдениетін көтеруге әлі көп күш салу керек.

Ал әлі де көңілі көр, түк түсінбегендерге айтар айрықша сөзім:

Білім – адам жанын да, өмір-тіршілігіміз бен қоғамды жарықтандырып тұратын бірден-бір құдірет. Білім таза, адал болса ғана болашағымызға жақсылық, мейірім, табыстар алып келеді. Білім ең киелі қасиет. Оған пендешілікпен қиянат жасауды доғару керек. Балаларымызды адал еңбекпен алатын білімге тәрбиелейік, нағыз білімнің ақ жолына бұрайық, сонда ҰБТ да, басқасы да бәрімізге ең үлкен білім мерекесі болып өтеді.

ҰБТ-да бір-бірімізді аңдып, шпион ұстағандай дүрлігу қандай қорлық көрініс екенін сезініп көріңдерші… Мен осыған қорланамын.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>