Білім және ғылым министрлігі осы жылдың 10 қарашасында өткен брифингінде көпшілікті ұлттық бірыңғай тестің өзгертілген, яғни жаңа форматымен таныстырды. Келесі жылғы кезекті ҰБТ осы түрде өтетіні белгілі болды.

Бұл өте бір өзекті жаңалық. Сондықтан, біз де өз пікірімізді білдіргенді жөн көрдік.

Әрқашан жаңа нәрсе өзімен бірге жақсы жаңалықтар алып келеді емес пе, онда алдымызда мынадай сұрақ туындауы табиғи – «Жаңа ҰБТ – жаңа ма? Ол қандай жақсылықтар алып келеді?»

Бұл сұраққа жауап алу үшін біз бұрынғы ҰБТ-ға көз жүгіртіп шықтық. Оның артық-кемін қысқа шолып өттік:

Артықшылықтары

1)      Бір-ақ күнде өтеді де кетеді! Сол бір күнде мектепті де бітіресің, «алтын белгі» де аласың, жоғары оқу орнына да «топ» етіп түсіп кете барасың!

2)      Қанша дегенмен, негізінен нағыз білімді оқушылар іріктеліп, күмәнсіз жоғары оқу орнына түсіп отырды.

3)      Ауыл-қала деп бөлмей, талап бір – жоғары балл алсаң болды. Оның ар жағында кім тұр, не жатыр, ол ешкімді қызықтырмайды. Күндіз-түні бас қатырып жүріп «Дарынды» бітірдің бе, жоқ, ойнап жүріп түкпірдегі ауылдың жалпылама мектебін тәмамдадың ба, ҰБТ-ға бәрібір.

4)      Ауыл  ЖОО-ға түсу керек деп қала іздеп сабылмады, ҰБТ-ның өзі ауылға келді. Үй қасы, ауыл арасы дегендей.

Кемшіліктері

1)      Балаларды терең білім алудан алшақтатып, жауаптарды тек жалаң жаттауға, түрлі қулық-сұмдық жолдар іздеп кетуге бағыттады.

2)      Терең білімі бар бала мен ешбір дайындықсыз «көшеден» келген баланы теңестірді, «Дарын» мектептері мен жәй қатардағы мектептерді теңестірді.

3)      «Терең біліммен тапсырам» деп бас қатырмай-ақ, күнделікті жаттаумен, тіпті, ешбір дайындықсыз барып, «наугад» белгілеп те білдей университет төрінен шығасың!

4)      Тест жауаптарын саудалау нағыз бизнеске айналды, мұғалімдер мен ата-аналар барлық моральды ысырып қойып, балаларға шпаргалка тасумен, телефонмен хабарлау, араға адам салумен айналысты. 

5)      Оқушылардың жалпы ағзасына түсетін өте жоғары психологиялық және физикалық салмақ.

Ал  енді ҰБТ-ның жаңа форматы қандай? Ол не береді?

Ең алдымен атап өтерлік мәселе – ұсынылып отырған формат «жаңа» дейтіндей жаңа емес. Шет елдерде, оның ішінде АҚШ-та қашаннан-ақ қолданылып келе жатқан SAT деген тестілеу жүйесінің дәл өзі. Қазақстанда Назарбаев Университетінде қолданылады. Оның құрылымы мен артықшылықтарына көңіл аударайық. Бұл туралы білім жіне ғылым министрлігінің ресми сайтындағы инфографикадан көруге болады:

ҰБТ-ның жаңа форматы

ҚР білім және ғылым министрлігі, 10 қараша 2016

2017 жылдан бастап түлектер мектептерде емтихандар тапсырып (орта мектеп бітіргені жөнінде аттестат және «Алтын белгі» алу үшін), ЖОО-ға түсу үшін емтихан және мемлекеттік гранттың бөліну жүйесі функциясын атқаратын ҰБТ тапсырады.

j1

Мектептерде қорытынды аттестация 5 пән бойынша өтеді: 1. Ана тілі және әдебиеті (эссе жазу). 2. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде – орыс тілінен, ал орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде – қазақ тілінен (тест түрінде). 3. Қазақстан тарихы (ауызша емтихан). 4. Алгебра және анализ бастамалары (жазбаша) 5. Таңдалған пән бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) – тест тапсырылады.

Жазбаша және ауызша емтихандар, сонымен қатар, тесттің жауап парақтары мектептердегі пән бойынша емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріліп, бағалайды.

Барлық емтихан оқу орнында – мектептерде өтеді.  Аттестацияның қорытынды мерзімі министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» (2017 жылдың 30 сәуіріне дейін) бұйрығы арқылы белгіленеді – шамамен 2017 жылдың 29 мамыры мен 9 маусым аралығы. Түлектердің мектеп бітіру кештері 2017 жылдың 15 маусымына дейін өткізілмек.

Аттестацияның қорытындылары туралы барлық материалдарды Ұлттық тестілеу орталығы білім басқармаларына жеткізеді. Білім басқармалары, өз кезегінде, құжаттарды мектептерге дейін жеткізеді.

ҰБТ жаңа форматы 2 блоктан тұрады: 3 міндетті пән (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (қорыта білу, салыстыра білу, т.б.  «Қазақстан тарихы») бойынша 20 тапсырма және 2 бейінді пәннен («Математика» + «Физика», «Математика» + «География», «Биология» + «Химия», «Биология» + «География», «Шет тілі» + «Тарих», оқыту тілі (қазақ немесе орыс) және әдебиет  + «Тарих», «География» + «Шет тілі», «Химия» + «Физика», «Тарих» + «Адам.Қоғам.Заң», шығармашылық экзамен) – 30 тапсырма.

Сауаттылық бойынша тапсырма оқу арқылы талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау және т.б. дағдыларын тексеруге бағытталған. Сауаттылықты тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ге енгізілу себебі – студенттік оқуда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, сол көздерден алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді. Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады.

Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауаптары бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді. Сонымен қатар, бірнеше жауап варианттары бар тесттер жауаптарды тек жаттап алып, немесе болжау арқылы беруге тосқауыл болады.

Жалпы 120 сұрақ қойылады.  Тестілеуге бөлінген уақыт 3 сағат 30 минутты құрайды. ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалдырылды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл (бейінді пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен). Тестілеуге қатысуға ниет білдіргендердің өтінімдері 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданады.  ҰБТ өткізілу мерзімі – 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралық. ҰБТ-ді ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр – олар 2017 жылдың тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтарында өткізіледі. ҰБТ барысында сыналатын барлық пәндер бойынша тапсырмалар үлгілері желтоқсан айында Ұлттық тестілеу орталығы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайттарында жарияланады.

«Алтын белгі» иегерлері, жалпы білімдік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларының, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ жалпыға бірдей негізде тапсырады. Алайда, тапсырған тест нәтижелері аталған жетістіктері жоқ талапкерлердің көрсеткіштерімен бірдей болған жағдайда, гранттарды бөлу кезінде олар басымдыққа ие болады. Жалпы білімдік пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиадаларының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына аранайы гранттар бөлінеді.

j3

 

ЖОО-на түсетін Техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілерге

Білімдерін ЖОО-да жалғастыру үшін техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілер тапсыратын ТКТ (талапкерлерді кешенді тестілеу) талаптары де өзгерді. Бұған дейін колледж түлектері тестті мектеп білімі негізінде тапсырса, ТКТ-дің жаңа форматында колледждерде алынған білім ескеріледі.  Кешенді тестілеу барысында талапкерлер 60 сұраққа жауап береді: 20 тасырма – жалпы бейінді пән бойынша (бұл тапсырмалар арқылы базалық пән ойынша алынған академиялық білім деңгейі тексеріледі) және 40 тапсырма – бейінді пәндер бойынша (бұл тапсырмалар тереңдетілген академиялық білім дегейін, сондай-ақ, практикалық дағды мен ептіліктерін анықтауға бағытталған). 60 тапсырманы орындауға 100 минут уақыт бөлінеді.

Жалпы бейінді пән – белгілі бір мамандықтар тобына арналған жалпы пән. Мысалы, барлық педагогикалық мамандықтар үшін жалпы бейінді пән – «Педагогика және психология негіздері», заңгерлік мамандықтар үшін – «Мемлекет және заң негіздері», ауыл шаруашылығы мамандықтары үшін – «Биология», т. с.с.

Бейінді пән – нақты мамандықты игеруге қажетті пән. Мысал үшін,  болашақ математика мұғалимі үшін бейінді пән – «Математика», құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін – «Қылмыстық құқық», мал дәрігерлері үшін – «Жануарлардың анатомиясы және физиологиясы» т.с.с.

 

Меніңше, жаңа форматтың ең жақсы тұстары мыналар:

1)      Мектептің қорытынды аттестациясы мен ЖОО-на түсу шараларының бөлектенгені. Бұл екеуі әртүрлі деңгейдегі және әртүрлі мақсаттағы шаралар. Оларды бұрынғы ҰБТ-да біріктіре өткізу о бастан қате шешім еді. Мұны өмір өзі дәлелдеді.

2)      Оқушылардың сауаттылығына тікелей назар аударуы. Жалпы сауаттылық, математикалық сауаттылық – бұл жалпыадамзаттық және қоғамдық мәдениеттің тұғыры. Осы тұғырдың әжептәуір шайқалуына осы күнге дейінгі ҰБТ себепші. ҰБТ – ішкі құрылымы жалпы білімділік пен сауаттылыққа және жалпы адамгершілік мәдениетке негізделмеген формальды машина болып келді.

3)      Эссе мен математикадан жазба бақылау жұмысын алу оқушылардың жалпы білім-қабілеттерін және ақыл-парасатын шынайы бағалауға бейімдесе керек. Осыған сай пәндік тестердің құрылым-мазмұны да осылай қарай бұрылып, яғни тереңірек білімді  және ойлануды қажет ететін сұрақтарға ауысатын шығар.

4)      Оқушылардың мамандық таңдауына кеңірек мүмкіндік болады, өйткені екі бейіндік пән таңдай алады.

5)      Оқушылардың өз еліміздегі немесе шет елдегі беделді университеттерге түсу мүмкіндігі жоғарылайды, өйткені жаңа формат дүниежүзілік стандарттарға сай келеді. SAT немесе SET сияқты сынақ жүйелеріне қиындықсыз дайындалып, тапсыруға тәжірибе жинақтайды.

Ал енді жаңа форматтың кемшін тұстары да жоқ емес сияқты:

1)      Мектеп бітіруші жастардың сынақ мерзімі созылады. Бас-аяғы бір айға барады. Бұл біраз жалықтырып, шаршатса керек.

2)      Мектепте өтетін қорытынды аттестацияның жалпы сапалық деңгейі күрт төмендеп, формалды өтуі мүмкін. Баяғы сол «өз үйім, өлең төсегім», ағайынгершілік, өзімшілдік. «Алтын белгілер» ойыншықтай көбейіп кетсе керек.

3)      ҰБТ ЖОО-да тапсырылса, олардың «Құдайы беріп», коррупция «ҰБТ бизнесін» жайнатып шыға келуі әбден мүмкін.

Әйтсе де… «секірмей тұрып «әуп» демейік. Басталмай тұрып «жоқ» демейік. Болар істі қабылдап, артын бағайық. Жақсылығынан үміттенейік. Қалай десек те бұл жолы жоғары жақтағылар ҰБТ мәселесін дүниежүзілік тәжірибеге сүйеніп, ақылдасып, жүйелі түрде шешіп жатқандай көрінеді. Не дегенмен әлемдік озық жүйе ғой. Анау-мынау тұстарына қолдан келгенше қарайласайық.

Сөз соңында көкейімізде бір сұрақ тығылып, булығып тұр. Ал балаларымыздың бұл жаңалыққа дайындығы қандай? Шыдас бере ме? Міне, осы мәселе көңіл-күйді бейжайландырып тұрғаны анық. Өткендегі «анау» ҰБТ-дан ертеңгі «мынау» ҰБТ-ға секіріп өте салу кім-кімге де оңай болайын деп тұрған жоқ!!!

Бәрінен бұрын мазалайтыны, тіпті, қорқыныштысы, «соткада» және интернетте қалай болса солай жазып, сөйлеп, бетімен кеткен жастардың сауатсыздығы! Бұл сауатсыздық деуге де келмейді-ау, нағыз надандық, мәңгүрттік! Бұлар эссені қалай жазады?!. Бақылауды қалай жазады?!. Осы бір мәселенің қазірше көмейге көлденең тұрып қалары анық. Мұғалімдер мен оқушылар әсіресе осы бағытта жедел де қаурыт әрекет жасамаса, биыл талай «құқайдың көкесін» көретініміз анық.

 

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>