(Сарыағаш газетіне арнайы жазылды)

Мен сонау кеңестік білім жүйесінен өсіп шыққандардың бірімін. Бірақ, ол «етімнен» өткенімен, «сүйегімді» сындыруына бәрібір жол бермедім деген сенімдемін. Ол жүйеге де, бертін келе ҰБТ мәселесіне де кезінде жетерліктей сыни көзқараспен қарап, талдау мақалаларын жаздым. «Жүйе» не деді, мен не дедім?

Мысалы, кеңестік орта мектеп туралы ертеректегі бір мақаламда («Орта білім беру жүйесі туралы кейбір жеке ойлар» Республикалық «Талапкер» газетінің 2008 жылғы 3-санында жарияланды. Интернетте  http://yvision.kz/post/239495   2012 жыл 13 наурыздан)  былай деп жазған едім:

«Орта білім беру жүйесінің ескі тамыры тереңде:

  1. Балаларды жаппай жинап алып, қабілет-қасиеттеріне емес, жасына қарай топтап оқыту. Оқу бағдарламасы барлығына бірдей. Топ орташа оқиды, ал дарынды балаға оқуда да, мінезде де жеке бап қажет. Жеке бапкер қажет.
  2. Орта мектепте «орта білімді» мұғалімдердің көп болуы. Мұғалімдерді біліміне қарай іріктеудің тиімді механизмінің жоқтығы – білімді мен білімсіз ешбір кедергісіз бірдей айлық алуы мүмкін, тіпті білімсіздің көбірек айлық алып кетуі де түк емес. Өйткені білім бағаланбайды, сағат бағаланады.
  3. Мектепке «балабақша» сияқты көзқарастың қалыптасуы. Оның бір белгісі – әйел мұғалімдердің ер мұғалімдермен салыстырғанда шектен тыс көбеюі. Менің әйел-қыздардың мұғалімдігіне еш қарсылығым жоқ, тек жігіт мұғалімдердің аздығын және солардың өзінің көбіне жігерсіздігін айтамын. Мұғалім қауымы дүниетанымының осы «балабақша» шеңберіне қарай тарылуы.
  4. Орта мектептің ескі құрылымы – қатаң сағаттық жүйе. Еңбекақы шығармашылық еңбек пен оның нәтижелеріне емес, қара жұмыс сияқты сағатқа төленеді. Сондықтан мұғалімнің нағыз шығармашылыққа құлқы да жоқ, не ол зиян. Ол кәдімгі қағазбасты бюрократқа айналады. Одан бюрократ басшылар өсіп шығады. Мысал – тек оқулыққа не қағазға сүйеніп (бастағы білім, бойдағы ақыл-парасат пен мәдениетке сүйену керек емес пе!) сабақ өтетін білімсіз, мәдениетсіз, жолдан қосылған мұғалімдердің, бюрократ және автократ мектеп басшыларының көбеюі. Білім саласында бюрократия бұлжымай тұр.
  5. Педагогикалық жоғары оқу орындарында орта білім саласына бұрынғыдай тек мұғалімдер (оларға тек психологтар қосылды) дайындалады».

Қаншама ұрпақ сол жүйенің диірменінен өтті! Мына қаурыт өмір өз дегеніне көндіріп, барлығымызды күрт өзгертіп жіберді дегенмен, бәрібір баяғы барын салып билеген жүйенің тәрбиесі әлі де ұрпақтан ұрпаққа өтіп, көрініп қалып жатыр.

Мектепте мұғалім білімді іздеп тауып, сұрыптап, дұрыстап алып келіп, аузымызға салатын. Біз «піс, ауызыма түс» деп отырамыз. Әрине, ол кезде интернет пен компьютер, телефон жоқ, білімдік ақпаратты әрі кетсе кітаптан іздейсің, ал кітапты кітапханадан тапсаң оқисың. Обалы не керек, іздеген адам сол кездің өзінде табатын! Керегімді іздеп жүріп оқығаным рас. Бірақ бұл өте сирек құбылыс болатын. Осындай ахуал мұғалімнің біліміне, ізденімпаздығына өте жоғары талап қоятын. Мұғалім – бірден-бір білім көзі, білім тасымалдаушысы еді. Ал оқушы «мәртебелім» негізінен «дайын асқа – тік қасық» жағдайында еді. Оны «толтырушы» мұғалімнің білімі мықты болса ғана оқушы «семіретін». Шынайы білімге қанығатын. Қарап отырсақ, жалпы алғанда ол кездің білім жүйесі заманына сай мүмкіндіктері шектеулі шеңберде қалыптасыпты. Сондықтан да, басқасын былай қойғанда, ол тәрбиенің ең негізгі мұрасы – өздігінен ізденіп, білім алуға, алған білімді өмірде қолдануға, өзіндік шешімдер қабылдауға бейімсіздік. Сондықтан да мектеп беретін білімнің тиімсіздігі, саяздығы, жүйесіздігі.

Ал қазіргі білім, ақпарат іздеу мәселелерін бұрынғымен салыстырып та болмайды. Қазіргі ақпарат заманы – бұл бір ғажайып, фантастика! Іс жүзінде Интернет деген ақпарат пен білім мұхитының иіріміндеміз. Ал да, оқи бер. Оқитын адамға ешбір мұғалімнің де, тәрбиешінің де қажеті жоқ секілді. Дегенмен, мұғалім керек, тіпті, жақсы мұғалімнің ролі түбегейлі өзгеріп, бұрынғыдан әлдеқайда өзге сапалық маңызға ие болып тұр.

Осындай заманда орта мектепте не өзгерді?

Меніңше, қуанарлық өзгерістер мыналар:

a)     «Дарын», «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Қазақ-түрік лицейлері», «Қазақ-Американ», «Қазақ-Ұлыбритания» деген сияқты физика-математика, химия-биология, спорт, гуманитарлық, тіл-лингвистика бағыттарындағы арнайы мектептер өте көбейді. Ал бұл мектептерге бүкіл елдің ең жоғары қабілет-дарынды оқушылары жақсылап іріктеліп қабылданады. Ұстаздыққа ғой небір шет елдің «мықтымын» деген мұғалімдері мен өзіміздің мықтылар арнайы конкурспен іріктеліп, сұрыпталып алынады. Оларға өте жоғары жалақы төленеді. Бұл мектептер негізінен қазіргі заманға сай супертехнологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, ең үздік деген әлемдік оқыту технологиялары енгізілген. Соның ішінде, мысалы, Ұлыбританияның Кембридж университетінде жасалған жеті үздік оқыту технологиялар топтамасы қолданысқа енгізілуде . Жалпы, бұл мектептерде  мұғалімдер мен оқушыларға кәдімгі «тепличные условия» жасалған.

b)    Жалпы орта мектептерге жетерліктей компьютерлік техника берілді, интернет қосылды. Жаңа оқулықтар келуде.

c)     Жалпы мектептердің мұғалімдері де арнайы білімін көтеру курстарынан өтіп, жаңа Кембридж оқыту технологияларын өз жұмыстарына енгізуге талпынуда. Бұлардың айлық жалақыларына да қомақты қосымша төлемақы жасалуда.

d)    Биылғы 2017 жылғы ҰБТ жаңа форматқа түбегейлі ауысып, дүниежүзілік талаптар мен тәжірибеге сай өткізілетіні айрықша сапалы өзгеріс болайын деп тұр. Егер күтілгендей, өз дәрежесінде сапалы өткізілсе, мектептердің қорытынды аттестациясы мен ҰБТ бұдан былай білімді жастарды сұрыптаудың шынайы тиімді тәсілі болары анық.

 

Әрқашан қоғам мұғалімнен жоғары деңгейде педагогикалық-психологиялық және ақпараттық сауаттылықты, кәсібилікті талап етеді. Ол шығармашылықпен жұмыс істеп, оқытудың жаңа технологияларын шебер меңгерген жетекші тұлға ретінде көрінуі тиіс. Осы қағиданы әрқашан есте ұстаған мен де өзімнің қырық жылдық ұстаздық тәжірибемде тұрақты түрде білімді көтеру курстарынан өтіп, одан қалса, өздігімнен ізденіп, кітап бар ма, интернеттен бе, жан-жақты кәсіби және жалпы тұлғалық деңгейімді дамытып отыруға ұмтылдым. Мысалы, олардың арасынан мынадай сертификат, дипломдарды  ауыз толтырып айтуға болады деп ойлаймын:

a)     «Евростандарттар бойынша дербес компьютер қолданушысы» ЕШКО қашықтан оқу курсының сертификаты, 2005 жыл;

b)    «MERiTS TEACHERS TRAINING» Сингапур курсы, 2005 жыл;

c)     «Білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар» ОҚО білім басқармасы  курсының куәлігі, 2011 жыл;

d)    «АКТ оқу үрдісінде қолдану» «Microsoft-Kazhakhstan» республикалық курсының сертификаты, 2011 жыл;

e)     ЮНЕСКО-ның білім саласындағы ақпараттық технологиялар бойынша зерттеу институтының «Ашық білім ресурстары», «Электрондық білім ресурстарын жасау негіздері», «Әлеуметтік желілерді пайдаланып оқыту» қашықтан оқу курстарының сертификаттары, 2014 жыл;

f)      Ресейдің «Фоксфорд» онлайн-мектебінің «мұғалім жұмысындағы жаңа ақпараттық технологиялар» және «Жобалық және зерттеу сабақтары» қашықтан оқу курстарының сертификаттары, 2016 жыл.

Ал оқу әдістемесін дамыту мақсатында кезінде Ресейдің атақты ұстаздары  Ушинский, Сухомлинский, Шацкий, Амонашвили, Шаталов, Ильин, Лысенкова сияқты педагогтардың еңбектерімен танысқаным есімде. Ал бертінде мектептерге компьютерлер келгенде М.М. Жанпейісованың  модульдік оқыту әдістемесімен жұмыс істедік.

Мектептерге информатика сабағы, қателеспесем, 1985 жылы енгізілді. Ол кезде мен Абай ауылындағы үлкен қарашаңырақ «Ленин жолы» орта мектебінде физика пәнін оқытып жүргем. Бір күні директор шақырып, жаңа информатика пәнінің енгізілгенін, «мұны өзіңнен басқа ешкім ептей алмайды, қолға ал» деді. Жаңалыққа жаным құмар мен қуана келістім. Міне, сол кезден бері қарай іс жүзінде компьютердің тарихымен бірге келе жатырмын. Алғашқыда кәдімгі микрокалькуляторды үйретуден бастап, ойыншық сияқты «Ёшлик», «Электроника», «Корвет», «Ямаха» компьютер сыныптарынан өтіп, 2000 жылы ғана кәдімгі IBM копаниясының Pentuim II  дербес компьютер сыныбына да жеттік. Содан бері Pentuim III, IV мультимедиа сыныптарын тек информатика ғана емес, физика сабақтарында да тиімді қолданып келемін. «Басқа түскен баспақшыл» демекші, осы кезеңде компьютер техникасын жан-жақты жөндеп, баптауды бір кісідей игеруге тура келді, өйткені самсап тұрған жаңа техниканы тоқтатпай істетіп, сабақтарда пайдалану балаларға да, өзіме де өте тиімді еді. Менің әу бастан техникаға құрметім сол – алдымдағы компьютер сыныптарын әрқашан мезгілі өтіп   ескірсе де, сыныптан шығарылғанға дейін түгел істетіп отырамын.

Информатика пәнін оқытудың өзі сол кезде әлі игерілмеген тың бағыт еді. Ешқандай бағыт-бағдар да, әдістеме де, тіпті, маман да жоқ. Таза көзжұмбай тірлік басталды. Оның қаншалықты бұралаң тірлік болғанын мына мысалдан-ақ көруге болады – оқу бағдарламасының өзі енді-енді бір қалыпқа келді және оқу бағдарламасына сай келетін оқулықтар өткен жылдан бастап қана шыға бастады! Бұған дейін оқу материалдарын тек түрлі кітаптар мен интернеттен іздеп, жинақтап, оқушыларға ұсынуға тура келетін. Міне, сол кездерде компьютерлерге орнатылған электрондық оқулықтардың маңызы өте жоғары болды. Оқушылар негізінен компьютерде оқыды.

Аудан бойынша информатика пәнін алға сүйреп, алғаш аяққа тұрғызғандардың бірі болсам да, бертін келе «информатикадан қатты дипломың жоқ» деп шеттеткені көңіліме қатты тиді. Сол қатты қағазға бола елуден асқанда тағы бір университет бітіруге тура келді. Сол кездерде университет мұғалімдерінің өзі менің біліміме ырза болып, рақмет айтып еді.

Жалпы, мектепте оқытуда информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың өте қарқынды дамитынын ескеру  қажет. Оқу бағдарламасы да, мазмұны мен оқыту әдістемелері де ғылым мен технологиялардың даму екпініне ілесіп отыруы керек және бұл өте қиын мәселе. Осы ерекшелік информатика сабақтарына өзінің әсерін тигізіп отыратынын бастан өткердік. Осы жағдай информатика мұғалімін үнемі  ізденуге, сабақтарына шығармашылықпен қарауға итермелейді де тұрады. Әрине, бұл тек кәсіби мұғалімге тиісті айтылған сөз.

Информатика пәнінің тағы бір ерекшелігі – практикалық бағдары. Оқушыларға үйрететін мәселелер негізінен компьютерлік бағдарламалар, оларды баптау және қолдану. Кейбір бірен-саран теориялық бөлімдер болмаса (мысалы, компьютердегі санау жүйелері, логика негіздері, компьютерлік бағдарламалау негіздері, тіпті, бұлардың өзін компьютерде практикалық түрде түсіндіру тиімдірек), негізінен мектеп информатикасы – қолданбалы информатика. Бұл да сабақты өту әдістемелеріне тікелей әсер етпеуі мүмкін емес. Мысалы, оқушының теориялық білімінен гөрі алдымен оның практикалық дағдыларын бағалауымыз керек сияқты. Ал бізде мұндай бағалау жүйесі жоқ!

Информатика ғылымы мен жаңа ақпараттық технологиялардың даму қарқынының жойқындығы сондай, бұл саладағы актуалды ақпарат күн санап емес, сағат, минут сайын әлденеше еселеніп жатыр. Оның бәрін сәл болса да қамтып, оқушыларға сәл түсінік беріп өтудің өзіне аптасына бір сағат деген тым аздық етеді. Аз емес-ау, жоқ есебі. Мысалы, Паскаль, Визуал Бейсик бағдарламалау тілдері негіздерін оқытамыз. Бұл – аптасына алты күн өтсең де игеруі қиын өте күрделі тақырыптар.

Міне, осы мәселелердің шешімі – оқушыларды өздігінен ізденіп, өздігінен оқуға үйрету керек. Білім – айнала қоршап тұр, Интернеттен ентелеп кеп тұр. Ынта-ықылас қойсын да, керегін ала берсін. Қанша терең қазсаң да, таусылмайтын білім әлі күтіп тұр! Өзіңе мақсат қой да, шешім қабылда. Тұлғалық сана мен іс-әрекет көрсет.

Жоғарыда айтылған өткеннің мұрасы ретінде әлі де қазіргі мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілеті, өздігінен іздену деңгейі төмен. Оқушылар тек қана тыңдаушының рөлін ғана емес, ізденушінің рөлін де атқаруы қажет.

Осы мақсаттарда қазіргі кезде мектептерге жаңаша оқыту жүйесі  енгізілуде. Оқушылардың білім деңгейінің төмендігі – олардың қабілетінің жоқтығынан емес, өз беттерімен жүйелі түрде білім алуға дағдыланбауынан, жүйелі еңбектің жоқтығынан. Сондықтан әр мұғалімнің мақсаты – оқушыларды өздігінен ізденіп білім алуға және оны қолдана білуге үйрету. Олардың жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасау және интеллектуалдық іс-әрекеттерге әзірлеуде білім берудің инновациялық әдістерін қолдану.

Осы жаңа жүйе – Кембридж бағдарламасы курстары басталған жылы-ақ  алдыңғылардың қатарында өзім талпыныс білдіріп, курста оқуға рұқсат сұрадым. Аудандық оқу бөлімінің әдіскері облыстан біліп, «жасы 50-ден асқандарды оқытпайды екен» деген жауап берді. Облыстық білім көтеру мекемесінің тренерінен де сұрап хат жаздым, ол да сол жауапты растады. Ал енді қазір, жасым алпыстың екеуіне келген шағымда, кейбіреулер «Кембридж технологияларын қолдан» деген талап қойғысы келеді. Мейлің ғой, әрқашан жаңалықтарды қолдаушымын, бірақ менің қырық жылғы тәжірибем қайда қалады?!. Ол ешкімге керек емес пе сонда?..

Ұзақ жылдық тәжірибемде менің өз ұстаздық дүниетанымым, жұмыс стилім, өз әдіс-тәсілдерім қалыптасқан. Мұның бәрінің із-түссіз, ізім-қайым жоқ болып кетуі мүмкін емес қой. Бұл – менің өмірім.

Жаңалықтан қашпаймын, сондықтан жаңалықтан жаңа үміттер туындап, өздігімнен білім берудегі Кембридж бағдарламасының  теориялық негіздерін оқып-үйреніп, тәжірибеме енгізуге өзім де талпынудамын. Шындап келгенде, оның негізгі қағидалары мен бағыттары біз үшін түбегейлі жаңалық та емес, бұрыннан айтылып келе жатқан ақиқаттар. Басқаша ұғымдармен және басқаша терминдермен айтылыпты демесек. Мысалы, солардың ішінде әсіресе көңілімнен шығатыны -  ақпараттық- коммуникациялық технологияларды қолдану деңгейін көтеру мәселесінің шындап қойылуы. Бұл енді ешқандай дәлелді қажет етпейтін постулат. Ғасыр сөзі.

Осы тұста өз ісімде өмір бойы ұстанып келе жатқан кейбір қағидаларыммен бөлісе кеткенді жөн санадым:

a)     Егер мұғалімнің білімі таяз болса, ешқандай әдіс-тәсілдерің сабақтың сапасын көтере алмайды. Оның ішінде, әсіресе, мамандығы бойынша  және педагогика-психологиялық білімі, біртұтас дүниетанымы.  Кітаптан, Ғаламтордан, Өмірден өмір бойы, үздіксіз білім алу керек;

b)    Мұғалімнің көп баланың ішінен жеке баланы көре алатын, мол ақпараттың ішінен түйінді де маңыздысын ажырататын, мектептің ішінен бүкіл қазіргі қоғамды және бүкіл дүниені ұғына алатын, сабақта  жоқ жерден туындайтын таусылмас түйінді мәселелердің тұщымды шешімдерін табанда тауып алатын даналығы болуы міндетті;

c)     Оқушыдан тұлғаны тәрбиелеу үшін мұғалімнің өзі тұлғасын сомдауы тиіс. «Ауқаттың дәмін татып» көрмеген адам оны істеп те, сипаттап та бере алмайды; Баланы тұлғалық биікке төменде тұрып итеріп шығара алмайсың, жоғарыда тұрып сүйреп те шығара алмайсың, иықтас қатар жүріп, бірге сүрініп, бірге тұрып жетесің; Әрбір бала таза бет емес, сыры енді ашылатын, жаңалығы көп жанды кітап.

d)    Баланы тану үшін мұғалім ең алдымен өзін тануы, кейін өмір мен қоғамды тануы керек; өзін-өзі тану мақсатында үздіксіз күнделік жазу пайдалы, онда өз ой-пікірлерін, талдау-толғауларын, сезім-түйсіктерін түртіп, өзіне есеп беріп жүргені даналығы мен кәсіби деңгейін көтереді; сонымен қатар газет-журналдарға және білім-тәрбие сайттарына мақалалар, ғылыми не әдеби шығармалар жазып, жариялап тұру керек; Осы арқылы мұғалімнің ой-өрісі орнығады, дамиды, қоғаммен байланыс орнайды, өмірді үйренеді, жаңа іс-әрекетке ұмтылады. Мысалы, мен аудандық «Сарыағаш», облыстық «Болашақ», республикалық «Талапкер» газеттерінде және «Мектеп» журналында  оқу-білім, тәрбие, ҰБТ тақырыптарында қаншама көлемді мақалалар жарияладым. Сондай-ақ, bk.yvision.kz , proza.kz , massaget.kz , el.kz , namys.kz , turkystan.kz сайттарында көлемді мақалалар мен әдеби шығармаларымды мыңдаған оқырмандар оқуда. Оған қоса жеке өзімнің kushibaruly.kz блогыма тұрақты түрде мақалалар мен оқу материалдарын жазып отырамын.

e)     Ата-аналармен және жалпы қоғаммен мүмкіндігінше кеңірек қарым-қатынаста болуы керек. Дүниетанымың, ой өрісің «мектептің төрт қабырғасынан» әлдеқайда кең болуы қажет-ақ. Мектеп деген үлкен Өмірдің «зерттеу лабораториясы» және «адам жасау шеберханасы» ғана.

Міне, осы сияқты көптеген өз ұстанымдарым бар. Олар кейде дамып, өзгеріп те отырады. Бірақ әрқашан бағыт сілтеп, сүйеніш болады, өз ісіме деген сенімімді арттырады, алға ұмтылуға жетелейді. Әрбір ұстаздың дүниетанымында осындай тұғырлы қағидалары, өз ұстанымдары болмаса, тірлігі мәнсіз, шашыранды, тиянақсыз және тоқырауы жиі болары анық.

Кембридж оқыту технологиялары теориялық негіздерге сүйене отырып,  жоғары әлемдік деңгейге жеткен сындарлы оқытуға негізделген анағұрлым танымал және кең тараған 7 білім беру әдістемелерін 7  модуль түрінде қамтиды.

Бұл Бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту олардың бұрын алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен (мұғалімнен, оқулықтан және достарынан, әртүрлі ақпарат құралдарынан) алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асуы керек деген тұжырымдамаға негізделген. Себебі, «дайын» білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен байланыспайды, сол себепті механикалық есте сақтау, үстіртін білім алу жағдайлары орын алады. Дәстүрлі оқытудан алынған білімді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы түсініксіз, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткеннен кейін керексіз болып қалады және оны өмірде пайдалана алмайды. Ал сындарлы (сыни) оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін мектептен тыс жерде кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз етеді.

Осы жеті модульдің ішінде өз пәніме ең тиімдісі, баланың қызығушылығын оятып, білімін жетілдіретіні қайсысы екен деп сараласақ,  әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға тура келетін  сияқты.

Әсіресе жаңаша оқыту үрдісінде қазіргі уақытта мектептерде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану ауқымы кеңейе түсуде. Жаңа бағдарламалық- педагогикалық жүйелер жасалуда, үйде және қашықтан оқыту тәсілдері дамуда.

Ақпараттық технологиялармен сабақты жобалаудың негізгі міндеті – оқушыларды өздігінен білім алуға, ізденушілікке, ақпараттық мәдениетке баулу,  қызықтыру. Осы мәселеде де көп жылдық тәжірибемен бөлісе кетейін.

Жалпы барлық мектептерде мұғалім халқы компьютерді негізінен оқу материалдарын дайындауға пайдаланып жүр. Мәтіндік құжаттар жазу, суреттер мен сызбалар салу, презентациялар, флипчарттар жасау. Бұл, әрине, жақсы, жұмыс өнімділігі мен мүмкіндіктерін әлдеқайда арттырды. Сонымен қатар проектор мен интерактивті тақтаны қолдану кәдімгідей үйреншікті болып қалды. Осының өзі айтарлықтай жетістік, бұған жету үшін өз айналамдағы әріптестерімді қаншама жылдар үгіттеп, насихаттадым, мүмкіндігінше үйреттім. Мұғалімдердің негізгі бөлігі қозғалды, бірен-сараны болмаса. Қазірдің өзінде қолдан плакат сызып, жазу жазып, бояу жағып жүрген мұғалім көрсем… жаным ашиды, кешіріңдер.

Алдыңғы айтқаныма қуана отырып, ендігі айтарым – бұл тіптен жеткіліксіз! Бұл жағдайларда компьютер мұғалімге жәй көмекші техникалық құрал ретінде ғана қолданылады. Ал шын мәнінде компьютерді, компьютер не мультимедиа сыныбын тікелей әдістемелік орта, оқу субъекті сапасында пайдалану әлі жоқ десек те болады. Мен не туралы айтып отырмын?

a)     Компьютерлерде түрлі пәндерден электрондық оқулықтар және оқыту бағдарламалары орнатылуы тиіс. Әрбір оқушының алдында тұрған компьютер оның жеке досы да, кітапханасы да, жұмыс үстелі де, мұғалімі де, ақылдас-кеңесшісі де, оқу және зерттеу құралы да болуы тиіс. Компьютер – оқу субъекті дегенім осы. Әрбір оқушының алдында жеке мұғалім отырғандай әсер қалуы тиіс, бұл сабақтың стилі мен әдіс-тәсілдерін түбегейлі жаңа деңгейге шығарады. Өзім ежелден-ақ осы мүмкіндіктерді барынша пайдаланып келемін. Менің мультимедиа сыныбым – нағыз электрондық оқуға арнап жасақталған десем артық айтқаным емес. Бұл – өте тиімді, мұғалімнің «жан рахаты».

b)    Сыныптағы барлық компьютерлер локал желі арқылы өзара байланысқан болуы, сол арқылы мұғалім қажет кезінде жалпы оқушылармен де, жеке оқушымен де не жеке топтармен де қарым-қатынас жасап, ақпарат алмасып, бір орталықтан басқара алатын болуы тиіс. Бұл да мен әлдеқашан жүзеге асырған және күнделікті сабақтарда пайдаланып жүрген «ғажайыптың» бірі.

c)     Қазір кез-келген пән сабақтарын тікелей интернет арқылы өту мүмкіндігі бар. Ақпарат Ғаламының білім сайттарында өте көрнекі берілген сабақтарды, видеосабақтарды пайдалануға болады. Сайттарда интерактивті (сайтпен диалог жасай отырып) тесттер тапсырып, сауалнамалар толтырып, қашықтан оқуға болады. Сайт беттерінде онлайн есептер шығарып, онлайн зертханаларда лабораториялық жұмыстар жасауға болады. Әттең, бізде интернеттің төмен жылдамдығы осы мүмкіндіктердің бәрін жүзеге асыруға жібермей, тежеп келеді. Әйтсе де, кейбір сабақтарды интернетте өтемін. Мысалы, интернетті игеру, сайт жасау, электрондық пошта, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқуда интернетті тікелей көрнекілік және интерактивті зертхана ретінде пайдаланамын. Видеосабақтар өтіп, интерактивті лабораторияларды пайдаланғым келеді, оқушылармен виртуалды саяхатқа шығып, дүниені көрсеткім келеді, бірақ әттең…

Осы аталған технологиялар ғана мұғалімдерді бұрынғы қалыпты оқыту жүйесінің шеңберінен шығып, оқудың интеллектуалдық түрлерін пайдалануға, оқу мазмұнын бұрынғыша анайы түрде беруді қойып, заманауи жаңа оқыту әдістемелерін қолдануға жол ашады. Мұның бәрі жалпы дүниеде қазір тіпті де жаңалық емес, жан-жақты да белсенді қолданылуда, тек біз артта қалып қойғанбыз.

Қайбір жылы мектепте мұғалімдердің (информатиктер емес) бір аудандық семинары өтті, өз өтінішіммен жаңа технологияларды қолдану туралы баяндама жасадым. Жоғарыда айтылған өз тәжірибемді мультимедиа сыныбымда көрсете отырып, әңгімеледім. Соңында мұғалімдерге сөз бергенде бір ер мұғалім шығып, «бұл айтып тұрғаныңның бәрі идеал ғой» деді!.. Мен үндемедім, өйткені алдымдағы контингенттің ақпараттық мәдениет деңгейінің тым төмендігін білетін едім.

Ақпараттық технологиялаларды пайдаланудың негізгі артықшылықтары мынадай:

üОлар оқушылардың сабақта аз уақытта барынша көп ақпаратты қабылдауына жағдай жасайды.

üМұғалім компьютер арқылы әрбір оқушымен жеке жұмыс істей алады, топтық жұмысты да ұйымдастырып, басқару  өте ыңғайлы;

üОқыту жүйесінің көп деңгейлігі оқытудың сапасын арттырады.

üКомпьютердің көмегімен оқушы өз бетінше, сондай-ақ өзге оқушылармен топтасып бірге жұмыс істеуге де мүмкіндік алады.

üСабақ мазмұны барынша жинақы да толық, өте көрнекі және интерактивті түрде ұсынылады.

Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану және оқу мекемесінде ақпараттық білім кеңістігін дамыту төмендегі жағдайды қамтамасыз етеді:

üМұғалімдердің сабақты тиімді ұйымдастыруына, әдістері мен құрылымын өзгертуіне көмектеседі, ақпараттық қоғамда өмір сүре алатын адамдарды дайындайды;

üОқушының оқу-таным процесін тиімді басқаруға және баланың жақын уақыттағы дамуын айқындауға жақсы;

üАқпараттық-коммуникациялық технологиялар оқушының оқу процесін оңтайландырады және жекедаралайды;

üОқушының білім алуға ұмтылысын қалыптастыруда жағымды мотивацияны жасайды;

Заманымызға сай қазіргі қоғамды ақпараттандыруда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану саласы бойынша педагогтардың біліктілігін көтеру негізгі міндеттердің біріне айналды.

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі –білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау керек» – деп көрсетілген. Солардың бірі – компьютер,  білім беруді ақпараттандыру барысында дидактикалық және оқыту құралы болып саналады. Сондықтан кез-келген білім беру саласында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен мультимедиалық оқыту құралдары барлық пәндерді оқытуға пайдаланылуы міндетті.

Қорыта келгенде, қазіргі таңда қоғам алдына қойылып отырған басты міндеттердің ең бір өзектісі – бүкіл білім жүйесін түбегейлі жаңартып, дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін, жастарға сапалы білім беруге жағдай жасайтын және олардың үйлесімді дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа үлгідегі мектеп кұру болып отыр.

Педагогиканың барлық осы аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда,  оқыту кезінде жоғары нәтижелерге мүмкіндік береді. Әйтсе де, сындарлы оқытуға да сыни көзқараспен қарай білгеніміз жөн сияқты.

Мысалы, оның маған бір ұнамайтын тұсы – негізінен мұғалімнің әдістемелік дайындығына амал жасап, ал оның білімінің тереңдігі мен жалпы дүниетанымының кеңдігіне, сабақтың мазмұнын тереңдетуге мән бермейтін сияқты. Кембридж курсынан өткен мұғалімдердің сабақтарынан, әңгімелері мен іс-әрекеттерінен, интернеттегі мақалалары мен сабақтарынан осы тұста әлі үлкен кемістік барын көріп жүрмін. Мұғалімдердің өзінде логикалық ойлау, өзіндік шешім қабылдау мен өнімді шығармашылық өте төмен. Қай кездегідей, «Жоғарыдан айтты, болды. Не айтты, соны істеймін. Ал, кеттік!» деген ұран басым. Оның орнына жоспар жазу «өнері» бұрығыдан бетер дамып жатыр. Қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді… Олардың ішінде сабақ уақытын бір минуттап есепке аламын деу… Тіпті, мемлекеттік және ірі компания қызметкерлері де жұмыс уақытын бұлай минуттап санамаса керек. Әскери қызметте ғана болмаса. Формальдылық, бюрократия көп.

Мұғалімнің жоспары деген бір айрықша «фетишке» айналғандай. Ал, меніңше, ұстаздық – ең алдымен шығармашылық. Әрине, кез-келген іс алдын ала жоспарлануы тиіс. Бірақ сол жоспардың өзі шығармашылықпен, нығыз мазмұнмен жасалуы тиіс шығар. Сонда сағат та, жоспар да, әдістеме де, бәрі мұғалімнің басында болады. Ол қай кезде де сабақты қағазға қарап емес, ыңғайына қарай басқара білуі тиіс. Қайткенде де, тағы қайталап айтамын, оқу-тәрбиенің өзегі – мұғалімнің терең дүниетанымы мен кәсіби білімі. Оларсыз бәрі бос тірлік. Бұған дейін де қаншама әдістемелік жүйелерді, тіпті, түрлі білім беру парадигмаларын бастан өткердік, бұл да сол «науқанның» кезектісі болып жүрмесіне кім кепіл.

Оған қоса айтатыным, біздің оқушылардың негізгі бөлігі өздігінен білім алып, өздерін өзі басқара қояды, өздерін дұрыс бағалай алады дегенге әлі сене қоймаймын. Қазіргі жастардың мінез-құлық, тәрбие мәселесі ширығып тұрған кезеңде бұл мен үшін фантастиканың дәл өзі. Оларды әлі көп бағыттап, өздігінен дұрыс іс-әрекет жасауға дағдыландыру керек. Яғни, меніңше, жаңа әдіс-тәсілдерге де абайлап, сабырмен, парасаттап барып, біртіндеп өткен жөн. Әйтпесе, өз еркіне бірден қоя салған балаларымыз сындарлы сынақтарда омақасып, ұятқа қалмайық.

Айтпақшы, мобильді топтар туралы бір көңілде жүрген нәрсе. Бұл ниет жақсы, бірақ мұғалімдерді ары-бері жүгіртуді азайтып, бұл істі, яғни тәжірибе алмасуды негізінен интернетте ұйымдастыруға болмай ма? Осыған арнап жеке сайт ашып, оның жұмысын жолға қою қазір қиын емес. Ол үшін қаражат пен сайт жұмысын жүргізіп отыратын арнайы мамандар бөлінуі тиіс. Аудандық білім бөлімінің сайты көптеген мәселелерді жеңілдетер еді. Басқа аудандардың, жеке мектептерінің өз сайттары бар, ал біздің мектептерде, тіпті аудандық білім бөлімінде ресми сайт жоқ. Бұл да біздің ақпараттық мәдениетіміздің төмендігін көрсетсе керек.

Сындарлы оқыту үшін өзімізге де сыни көзқараспен қарай білейік, ағайын. Алдымен біз, мұғалімдер, тұлғалығымызды көрсетейік, сонда оқушыларымыздан тұлғалар өсіп шығатынына сеніммен қарауға болады.

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>