Мен негізі проза, мақала жазамын, өлең жолдарының ритміне, ұйқасына еш ойларымды сиғыза алмаушы едім, өкпем сығылып кететін. Сол жылдары өлеңдер жазылды. Және әрбірі бірнеше сәтте, экспромтпен. Ол сол дәуірдің әсері шығар деп түйдім өзім. Өтпелі кезең, аумалы-төкпелі заман еді ғой. Әрбір адамға оңай соққан жоқ,ал ой адамына әсіресе ауыр болғанына куәмін. Менің өлеңдерім куә.

(Толғау)

01.1992

Оу, адамдар, адамдар,

Құлақ салып тыңдаңдар,

Күншуақтап, қарлатып,

Домбыраны зарлатып,

Солқылдата мен бір толғайын.

———————–

Айналаңа қараңдар,

Заман қисық қадамдар,

Болат тырнақ сұңқардай,

Жемтігіне қонғандай,

Ызаменен қанат қомдайын.

———————–

А-ай, бұл жалған өмірдің, өмірдің

Өлеңін, өлеңін

Өрейін.

———————–

Қазақ болып туған соң,

Әруақтар бұрған соң,

Шындық іздеп жынданып,

Жамандыққа сызданып,

Наыс буып күйіп-жанам мен.

———————–

Қазағым деп қақсасам,

Мінін аяп жатпасам,

Ес жиып ертең ел болып,

Шет елдерге тең болып,

Аяқ бассын жұртым дегенім.

———————-

А-ай, бұл жалған өмірдің, өмірдің

Өлеңін, өлеңін

Өрейін.

————————

Оу, ағайын, қазағым,

Өзіңе байқап қарағын,

Басқа жұртты қайтесің,

Өз ішіңде мазағың,

Соны түзеу болсын талабың.

—————————

Ішіп-жейсің, тоясың,

Талпынуды қоясың,

Жалқаулықты жастанып,

Жатқаныңа мастанып,

Надандықтың іштің шарабын.

————————-

Надан емей немене,

Балаңа жетпей өнеге,

Өз бетімен безіп жүр,

Дүние қуып кезіп жүр,

Еңбек етпей елді емуде.

—————————-

Ел-жұртыңыз қараусыз,

Жерің тозып, жараусыз,

Жауапсыздық күшінде,

Жауапсыздар бүгінде

Адам атын қорлап тебуде.

————————–

Бір-біріңді менсінбей,

Өсегің дала өртіндей,

Көкіректі кересің,

Боқтау сөзден тересің,

“Боқтай сасып” менмен жеңеді.

————————

Жақсы шықса ортаңнан,

Құдай жолын ұстанған,

Көре алмастан шуылдап,

Бәрің көсем дуылдақ,

Бастырмалап өткің келеді.

————————-

Бір келімсек көрінсе,

Қасыңа келіп керілсе,

Жүз қазағың жалбақтап,

Ауызың ашық алақтап,

Емеурінін күтіп жатасың.

————————-

“Жат” десе сол жатасың,

“Тұр” десе сол тұрасың,

Ойланбай еш басыңмен,

Туған жердің тасымен,

Бір-біріңді қан ғып атасың.

————————

Елдің көркі қыз деген,

Ар-намысы ту деген,

Көбейді қыз жеңілтек,

Кең етекті көңілшек,

Ар-ұяттан ерте аттаған.

———————–

Жігіттер жүр ойнап-ақ,

Қыз намысын қорлап-ақ,

Намыс оты жанбайды,

Қазақтығы қозбайды,

Ар-намысын елдің таптаған.

————————

Оу, жігіттер, жігіттер,

Адам жоқ бізді үгіттер,

Өз санамыз жетпесе,

Ұсақтық бойдан кетпесе,

Ерлер қайда ел деп өксіген?

————————–

Ерте де ерте ертеден…

Қайырсақ сөзді келтеден –

Өлшемі ердің мал емес,

Емес-ау зорлық, төбелес,

Нағыз ерің елдік көксеген.

————————

А-ай, бұл жалған өмірдің, өмірдің

Өлеңін, өлеңін

Өрейін.

————————–

Өмір деген бұл жалған,

Шындық өліп тұл қалған,

Қатігездік қапталып,

Сұлулықты жастанып,

Уақыт-мыстан мақұлық кейпінде.

—————————

Өмір деген бұл жалған,

Бала өліп шал қалған,

Алтын маңдай жарылып,

Ақылсыз көр боп сабылып,

Заман-тұман жардың шетінде.

————————-

Өмір деген бұл жалған,

Адам аты ұрланған,

Жүректің өшкен алауы,

Бықсыған көңіл сарайы,

Адам-жылан жердің бетінде.

————————-

А-ай, бұл жалған өмірдің, өмірдің

Өлеңін, өлеңін

Өрейін.

—————————-

электрондық курстар
электрондық қорға өтіңіз >>